Оралда еріген қар суы көшелерді басты

Орал қаласында еріген қар суы көшелерге жайылып, тұрғындар үшін қолайсыздық тудырды. Қаланың бірнеше ауданында су тасқыны қаупі бар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қаладағы көше жолдарында жиналған су сорылып, тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сарыарқа шағынауданында қалың қардың еруі салдарынан қалаішілік автожолдың төмен орналасқан бөлігіне су жиналып, екі шағынауданды байланыстыратын жолға еріген су жайылған.
ТЖМ өкілдері қазіргі жағдай көлік қозғалысына және тұрғындарға қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
«Көлік қозғалысы бұзылған жоқ, халық үшін ешқандай қауіп жоқ. Батыс Қазақстан облысының ТЖД бөлімшелері мотопомпалар арқылы суды сору жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері жұмылдырылды», – делінген ресми хабарламада.
Жергілікті билік қарды уақытылы шығару, арықтарды тазарту және сорғы жүйелерінің жұмысын күшейту шараларын қолға алған. Тұрғындарға аула аумақтарын су басу қаупін азайту үшін қарды алдын ала тазарту ұсынылды.