Оқушылар мен студенттерге керек болатын үздік 7 нейрон желісі

Заманауи технологиялар адам өмірін жеңілдетуге көмектеседі. Мысалы қазір студенттер мен оқушылар сабағын оқығанда жасанды интеллектіден жиі қол ұшын сұрайды. Біреу ЖИ көмегімен емтихандарға дайындалады, енді біреуі шығарма жазарда не қиын есептерді шешерде жүгінеді. Барлығын жасанды интеллектіге артып қойып, сабаққа өзіңіз істегендей болып барған жөн емес, әрине. Мұны бірінші кезекте ескеру қажет. Ал көмекші ретінде бағыт беретін құрал ретінде пайдалануға әбде болады. Олай болса, бүгінгі материалымызда оқушыларға пайдалы болатын 7 нейрон желісіне шолу жасаймыз.
1. ChatGPT
Қандай функциялары бар:
- Түсінуге қиын тақырыптарды өте жеңіл тілмен түсіндіріп береді. Бар болғаны промпты дұрыс жазсаңыз болғаны. Мұғалімнің айтқаны түсініксіз болған кезде осы функция өте пайдалы.
- Шығарма, реферат, тезистер жазуға көмектеседі.
- Сабаққа қатысты қойылған кез келген сұраққа жауап береді.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Нейрон желісі уеб-нұсқада да, iOS, Android операциялық жүйелерінде қолданбасы да бар.
Бағасы:
- Тегін нұсқасын пайдана аласыз. Бірақ ішіндегі функция шектеулі. Мысалы күніне жасай алатын промпт санына шектеу қойылады (ChatGPT-3.5).
- ChatGPT Plus – айына 20 доллар тұрады. (GPT-4).
Берер кеңесіміз: күнделікті сабақ жасағанға тегін нұсқасы жеткілікті. Бірақ күрделірек сұраныстарды GPT-4 нұсқасы жақсырақ өңдейді.
2. Notion AI
Қандай функциялары бар:
- Құрылымы жүйелі конспект жасап береді.
- Мәтіннің «қаймағын сүзіп береді». Яғни ішіндегі маңызды жерлерін қиып ала алады.
- Сабақтағы тапсырмалар мен дедлайндарды жоспарлап береді.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Уеб-нұсқа мен қолданба бар (Windows, macOS, iOS, Android).
Бағасы:
- Тегін нұсқасы бар (промпт саны шектеулі).
- Notion AI – айына $10 тұратын нұсқа (шексіз қолдана бересіз).
Берер кеңесіміз: егер мәтінге тұрақты түрде анализ жасау керек болмаса, тегін нұсқасын пайдаланасыз жеткілікті.
3. Wolfram Alpha
Қандай функциялары бар:
- Теңдеу, интегралдарды, есептерді шеше алады.
- Шешіп қана қоймай, есептің қалай шыққаны туралы түсіндіріп береді.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Уеб-нұсқа мен қолданба бар (iOS, Android).
Бағасы:
- Тегін нұсқасында негізгі функциялар бар.
- Pro-нұсқа – айына 7,25 доллар тұрады. Мұнда кеңірек түсіндіріп, файл жүктеп, күрделі есептерді шығарта аласыз.
Берер кеңесіміз: мектеп оқушыларына тегін нұсқасы жарайды. Ал енді техникалық мамандықта оқитын студенттерге дұрысы — Pro нұсқа.
4. Grammarly
Қандай функциялары бар:
- Ағылшынша мәтіндегі қателерді түзеп береді.
- Стилін дұрыстап, мазмұнын жақсарта алады.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Браузерлерге арналған кеңейтілген уеб-нұсқа бар, сонымен бірге қолданбалары бар (Windows, macOS, iOS, Android).
Бағасы:
- Тегін нұсқасында қателерді түзетіп береді.
- Grammarly Premium – айына 12 доллар басталады. Мұнда стилистиканы түзеп, анти-плагиатқа салып бере алады.
Берер кеңесіміз: ағылшынша шығарма сияқты мәтіндерді жиі жазатын болсаңыз, Premium нұсқасын алып алған абзал.
5. QuillBot
Қандай функциялары бар:
- Мәтінді плагиат болмайтындай қылып қайта жазып бере алады.
- Ұзақ мәтіндерді қысқарта алады.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Chrome мен Word-қа арналған кеңейтілімдері бар уеб-нұсқаны қолдануға болады.
Бағасы:
- Тегін нұсқасында мәтінді қайта жазып беретін 2 режим бар.
- Premium – айына 8,33 доллардан басталады. Мұнда 7 режим бар, мәтінді неше рет қайта жазғызсаңыз да ерік өзіңізде.
Берер кеңесіміз: егер сізге мәтіннің мағынасын өзгертпей, мазмұнын сақтау керек болса, онда осы нейрон желісі сізге пайдалы болады.
6. DeepL
Қандай функциялары бар:
- Мәтіндерді өте нақты аударады.
- Мәтіннің мәнін ескере отырып, бейімдеп береді.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Браузерлерге арналған кеңейтілімдері бар уеб-нұсқа мен қолданбалары бар (Windows, macOS, iOS, Android).
Бағасы:
- Тегін нұсқасында мәтіннің ұзақтығына шектеу бар.
- DeepL Pro – айына 8,74 доллар басталады. Мұнда мәтін санына шектеу жоқ. Неше түрлі функция бар.
Берер кеңесіміз: бір мәтінді жылдам аудара салу керек болса, тегін нұсқасы жеткілікті. Ал енді академиялық мақалаларға Pro дұрысырақ.
7. Elicit
Қандай функциялары бар:
- Тақырып бойынша ғылыми мақалалар тауып береді.
- Әдебиеттерге шолу жасайды.
Қалай қолдануға болады:
Платформа: Уеб-нұсқасы ғана бар.
Бағасы:
- Тегін нұсқасында мақалалар ғана тауып береді.
- Pro-тариф – айына 10 доллардан басталады. Мұнда функция көбірек, фильтр мен анализ жасай алады.
Берер кеңесіміз: курстық жұмыс, диплом жазып жатқан студенттерге жақсы көмектесетін құрал.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

ChatGPT мен Notion AI – гуманитарларға таптырмас құрал
Wolfram Alpha – жаратылыстану-математика бағытындағыларға маст-хэв
Grammarly мен QuillBot – ағылшын тіліне қатысты тапсырмаларды орындайды.
DeepL – шет тілін үйреніп жүргендерге керек болады.
Elicit – ғылыми жұмыс жазған кезде көмектеседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін жасанды интеллектімен енді достасып жатқандарға арнап нұсқаулық дайындаған едік. Бұл материалдан сіз нейрон желісімен жұмысты қалай бастау керегін, нені ескеру қажет екенін біле аласыз.