«Кинотеатрға шығатын фильмдерге сүзгі қажет» – Президент

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев отандық кино нарығын сынға алды / elements.envato.com / seventyfourimages, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазақстандық киноиндустриядағы басты мәселелердің біріне тоқталып, кино сапасының төмендігіне қатысты қоғам тарапынан сын көп екенін айтты.

Тоқаев киноның маңызды идеологиялық құрал екенін баса айтып, мемлекеттік тапсырыссыз, жеке қаржыландырумен түсірілетін фильмдердің де сапасына назар аудару керектігіне тоқталып өтті. Мұндай фильмдерді кинотеатрларға шығармас бұрын арнайы сүзгіден өткізудің жолдарын қарастыру қажет екенін атап өтті.

Кино өндірісі: сан көп, сапа төмен

Мемлекет басшысы 2024 жылы Қазақстанда 94 фильм түсірілгенін, бұл отандық кино өндірісінің белсенді дамып жатқанын көрсеткенімен, басты мәселе сапада екенін атап өтті.

«Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, ал жағымсыз әдеттерді насихаттау – мүлде басқа нәрсе. Соңғы уақытта зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы мәселені ескерген жөн», – деді.

Ұлттық анимацияны дамыту қажет

Тоқаев ұлттық анимация саласының дамуына ерекше көңіл бөлу керектігін де айтты.

«Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде, ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе», – деді Тоқаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда көрерменнің төбе шашын тік тұрғызған «48 түн» атты фильмі прокаттан алынып тасталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз