Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық – президент

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық киімдерді дәріптеуге шақырды. Президент бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі әйелдердің дәстүрлі киімі әдемі әрі жарасымды екенін Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтты.
Президент ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласының айрықша рөл атқаратынын, әсіресе, төл мәдениетімізді дәріптеудегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек екенін атап өтті.
«Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті», – деді мемлекет басшысы.
Президент мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастағанын ерекше атап өтіп, соңғы кездері қазақ үлгісіндегі киімдерге сұраныстың артқанын айтты. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болғанын жеткізді.
«Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», – деді Тоқаев.