Ақтөбе облысында су шайып кеткен уақытша өткел қалпына келтіріліп жатыр

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында су шайып кеткен уақытша өткелді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы жергілікті Диапазон басылымы хабарлады.
Өткел арқылы көлік қозғалысы шектеліп, тек жаяу жүргіншілерге жүруге рұқсат берілген. Өткел маңын полиция қызметкерлері патрульдеп жүр.
Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев күннің күрт жылынуынан Ойыл өзенінің суы көтеріліп, өткелді бұзып кеткенін айтады. Әкім өткел арқылы көлік қозғалысы бір тәулік ішінде қалпына келтірілетініне сендірді.
Уақытша өткел былтырғы су тасқыны кезінде Актөбе мен аудан орталығын байланыстыратын көпір қирағаннан кейін жасалған. Қазіргі уақытта жаңа көпір құрылысы жүріп жатыр.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі аймақтарда көктемгі су тасқынының алдын алу үшін істеліп жатқан жұмыстарды баяндаған.