Алматылық оқушы ҰБТ-да 139 балл жинады

Алматылық оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 139 балл жинады. Ереже бұзып білім сынағынан шеттетілгендер де бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Наурыз айындағы ҰБТ-ның екі аптасында 54 мыңнан астам адам тест тапсырған. Шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 62 балды (бес пән бойынша) құрады.
«Ең жоғары балл – 139, оны Алматы қаласының талапкері жинады. Тестке қатысушылардың 67,4%-ы қазақ тілінде, 32,5%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,6%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14,7%-ы «Шығармашылық емтихан», 13,3% «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 65 адам тапсырған»,– делінген хабарламада.
Ереже бұзған 57 талапкердің тест нәтижесі жарамай қалды
ҰБТ тапсыру кезінде ереже бұзғандар да болған. 57 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 26 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өтпекші болған. Осы әрекеттерінің салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылды. Десе де бұл жолы тестке басқа адамды кіргізу фактілері анықталмаған.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.
Айта кетейік, алдағы уақытта Ұлттық бірыңғай тестің сұрақтары жасанды интеллект көмегімен әзірленуі мүмкін. Қазіргі уақытта министрлік ЖИ кадрларын даярлау бойынша жұмыс жүргізуде. Жоба аясында тест тапсырмаларын әзірлеушілер үшін жабық жұмыс кабинеттері құрылады.