Kcell, Tele2 және Beeline астыртын сөз байласып, тарифті бірдей көтеруі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Байланыс операторлары келісіп, тарифті әдей көтеруі мүмкін / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Kcell, Tele2 және Beeline байланыс операторлары тарифтерді көтеру үшін астыртын сөз байласып алуы мүмкін деген күдік бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов осылай дейді.

Оның атап өтуінше, қазір Қазақстандағы үш оператордың нарықта алатын үлесі шамамен бірдей.

«Олар барлығы дерлік бірдей үлес алады, нарықтың 30-40%-ы. Өткен жылы жақсы жұмыс жүргізілді, монополистердің біреуін сатып жібердік. Tele2 шетелдік инвесторларға сатылды. Қазір жаңа ойыншы келгеніне байланысты нарық қалай дамитынын байқаймыз», – деді ол.

Сәмбетовтың сөзінше, агенттік операторлардың әрекетінен «астыртын сөз байласу» белгілерін байқайды.

«Соңғы жылдары көп шағым түсіп жатыр. Біз нарықты талдап, тариф өскенін байқап отырмыз. Соңғы екі жылда барлық операторларда өсті. Сөй байласуға қатысты тергеу жүргізіп жатырмыз. Олардың бір уақытта тарифті күрт өсіргенінің белгілерін анықтадық. Монополияға қарсы салада оны сөз байласу дейді. Оны зерттеп жатырмыз», – деді ол.

Сондай-ақ әр оператордың тарифті өсіруіне қатысты тағы тексеріс жүргізілген. Операторлардың біреуіне қатысты «бағаны тым қатты көтерді» деген айыппен тергеу бастауы мүмкін.

Бұған дейін цифрлық даму министрлігі жаңа байланыс операторы пайда болуы мүмкін деген еді. Бұл қадам нарықтағы бағаны түсіруге көмектеседі деп түсіндіреді.

Сондай-ақ оқыңыз