«ҚҚС көтерілсе, емделу қымбатқа түседі»: депутаттар медициналық мекемелердің салығын өсіруге қарсы

Қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығының (КТС) көтерілуі медициналық қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Мұндай болжамды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пен оның әріптестері айтып отыр. Осыған байланысты депутат денсаулық сақтау саласына түсетін салықтық ауыртпалықты жеңілдетуді ұсынуда.
ҚҚС мөлшері медициналық қызметке қалай әсер етеді?
Аймағамбетов қазіргі уақытта медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылғанын еске салды. Алайда жаңа Салық кодексінде Үкімет бұл салаға 10% мөлшерлеме енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Алғашында біз әріптестерімізбен бірге бұл мөлшерлемені 5%-ға дейін төмендетуді ұсындық. Қазір онкология, паллиативтік көмек (хоспистер), инсультті емдеу, мүмкін, босандыру және басқа да әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босату мәселесін қарастырып жатырмыз. Қалған бағыттар бойынша 10% салық енгізу талқылануда», – деп жазды Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында.
Сонымен қатар депутаттар онкологиялық, сирек кездесетін ауруларды, қант диабетін, аутоиммундық және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босату қажет деп санайды.
«Қазір нақты тізім талқылануда және кеңейтіледі. Бұл шара, әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін дәрі-дәрмек бағасының күрт қымбаттауын болдырмауға мүмкіндік береді. Басқа медициналық бағыттар бойынша ҚҚС мөлшерлемесін 10% деңгейінде белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді депутат.
Корпоративтік табыс салығы артқан жағдайда…
Бұдан бөлек, Үкімет медициналық салаға арналған КТС мөлшерлемесін 0%-дан 10%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Депутаттар салықтық жүктеменің күрт өсуіне жол бермеу үшін бұл өзгерісті кезең-кезеңімен енгізуді – алдымен 5%-дан бастап, кейін 10%-ға жеткізуді ұсынды.
«Медициналық сала үшін екі жаңа салықты бірден енгізу салық жүктемесін 0-ден 20%-ға дейін арттырады. Бұл – әлеуметтік маңызы бар сала, сондықтан өзгерістерді біртіндеп жүзеге асырып, әлеуметтік маңызды ауруларды салықтан босату өте маңызды», – деп атап өтті Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл нормалар бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, талқылаулар жұмыс топтарында жалғасып жатыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеп, оны мәжілісте қарастыруда. Құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі – ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеру және ҚҚС бойынша есепке алу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету.