АҚШ пен Ресей келісімі: Ресей нарығы өсімге бет алды

АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастар соңғы жылдары санкциялар, әскери қақтығыстар және саяси текетірестермен күрделене түсті. Ұзаққа созылған қақтығыс екі тарапқа да экономикалық және саяси тұрғыдан ауыр салмақ түсіріп отыр. Сондықтан тараптар қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге мүдделі болуы мүмкін.
Экономикалық қысым
Ресей: Санкциялар, шектеулер және халықаралық оқшаулану Ресей экономикасына ауыр әсер етуде. Қаржы жүйесінің шектелуі, мұнай мен газ экспортының төмендеуі және капиталдың сыртқа ағылуы Мәскеуді келіссөздерге итермелеуі мүмкін.
АҚШ: Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайлар Вашингтонға қосымша әскери және қаржылық жүктеме түсіріп отыр. АҚШ-тың ішкі экономикалық қиындықтары (инфляция, бюджет тапшылығы) Ресеймен қатынасты реттеуді өзекті етуі мүмкін.

Инфографика 01 : Ресей нарығының жандануы
АҚШ пен Ресей арасындағы келісім жақындаған сайын Ресей нарығы күш алуда
АҚШ пен Ресей арасындағы келісімнің жақындауы — геосаяси тұрақтылықтың артуына бағытталған маңызды сигнал. Ресей нарығының жандануын бірнеше факторлармен түсіндіруге болады:
- Саяси тәуекелдердің төмендеуі – Инвесторлар үшін негізгі қауіп-қатерлердің бірі — геосаяси шиеленіс. АҚШ пен Ресей арасындағы келісім тұрақтылық орнатуға жол ашса, бұл нарыққа капитал ағынын күшейтіп, активтердің тартымдылығын арттырады.
- Санкциялар жұмсаруы мүмкін – Егер келісім нәтижесінде санкциялар ішінара немесе толық алынса, бұл ресейлік компаниялардың операциялық жағдайын жақсартып, инвестициялық климатты жақсартады.
- Рубльдің тұрақтануы – Геосаяси тәуекелдердің төмендеуі мен санкциялардың азаюы рубльге деген сенімді арттырады, бұл импорт пен экспорт үшін тиімді.
- Шетелдік капиталдың қайта оралуы – Инвесторлар саяси тұрақтылық қалыптасса, Ресей нарығына қайта оралып, акциялар мен облигацияларды белсенді түрде сатып ала бастайды.

Инфографика 02: Ресей қор нарығындағы жаңа рекордттар
Мәскеу биржасы 2025 жылдың ақпан айындағы сауда қорытындыларын шығарды
2025 жылдың ақпан айында Мәскеу биржасындағы нарықтардағы жалпы сауда көлемі 132,5 трлн рубльді құрады.
Акциялар нарығы
Акциялармен, депозитарлық қолхаттармен және пайлармен сауда көлемі ақпанда 4,9 трлн рубльді құрады. Күнделікті орташа сауда көлемі – 246,7 млрд рубль.
Облигациялар нарығы
Облигациялармен сауда көлемі (бір күндік облигацияларды есептемегенде) 2,9 трлн рубльге жетті. Күнделікті орташа сауда көлемі – 142,7 млрд рубль.
Облигацияларды орналастыру және кері сатып алу бойынша жалпы көлем 1,8 трлн рубльді құрады, оның ішінде бір күндік облигацияларды орналастыру көлемі 445 млрд рубль болды.
Туынды (жедел) нарық
Туынды нарықтағы сауда көлемі 12,4 трлн рубльге жетті. Күнделікті орташа сауда көлемі – 619,4 млрд рубль.
Ақша нарығы
Ақша нарығындағы сауда көлемі 100,3 трлн рубльді құрады, күнделікті орташа операциялар көлемі – 5 трлн рубль.
Жалпы сауда көлемінде орталық контрагентпен жасалған репо операцияларының көлемі 37,8 трлн рубльге, клирингтік қатысу сертификаттарымен жасалған репо операцияларының көлемі 49 трлн рубльге жетті.

Инфографика 03: Рубль айтарлықтай күшейді
Рубльдің нығаюы
АҚШ пен Ресей арасындағы келісім нәтижесінде саяси шиеленістің азаюы инвесторлардың сенімін арттырды. Геосаяси тәуекелдердің төмендеуі капиталдың қайта оралуына және рубльге сұраныстың артуына себеп болды.
Рубльдің нығаюы — геосаяси тұрақтылықтың артуы, энергетикалық нарықтағы қолайлы жағдай және капитал ағынының ұлғаюының нәтижесі. Егер бұл тренд сақталса, рубль ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылығын сақтай алады.
Егер екі ел келісімге келсе не өзгермек?
Кез-келген келісім нәтиже береді. Ресей – әлемдегі ірі мұнай және газ экспорттаушы. Энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық жаһандық экономиканы тұрақсыздандыру қаупін тудырады. АҚШ Ресейдің энергетикалық нарықтағы рөлін ескере отырып, келіссөздер арқылы тұрақтылық орнатуға мүдделі болуы мүмкін.
Қытай факторы: АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейіп келе жатқанда, Вашингтон Ресей мен Қытай арасындағы жақындасуды тежеуге тырысуы мүмкін. Ресейдің Қытаймен одақтасуы АҚШ үшін ұзақ мерзімді қауіп төндіреді, сондықтан Ресеймен қарым-қатынасты жұмсарту арқылы бұл байланысты әлсіретуге тырысуы ықтимал.
Егер келісім жүзеге асса, мынадай өзгерістерге алып келуі мүмкін:
- Санкциялардың бір бөлігі жеңілдеуі мүмкін
- Ресейдің қаржы нарығына шетелдік капитал оралуы мүмкін
- Рубль тұрақтанып, инфляция төмендеуі ықтимал
- Геосаяси шиеленіс бәсеңдеп, жаһандық нарықта тұрақтылық орнайды
Бұл — инвесторлар үшін оң сигнал, себебі саяси тұрақтылық экономикалық белсенділікті арттырып, ресейлік нарықтың қайта жандануына жол ашады.
АҚШ пен Ресей арасындағы келісім Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуіне, сауда айналымының артуына және қаржы нарығына шетелдік капиталдың келуіне жол ашады. Бұл теңге мен жалпы экономиканың тұрақтылығын нығайтады.