«Бипэк Авто – Азия Авто» компаниясының топ-менеджерлеріне қатысты үкім шықты

Жарияланды 18 Наурыз 2025 10:06

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өскеменде «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының сегіз топ-менеджеріне қатысты үкім шығарылды. Оларға алаяқтық, ақшаны заңдастыру және салық төлеуден жалтару айыптары тағылған. Сот үш менеджерді ақтап шықты, ал қалғандарына екі жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Бипэк Авто» басшылығы неге сотталды?

Істің қозғалуына Өскемендегі автозауыттың құрылысы себеп болды. 2020 жылы «Бипэк Авто – Азия Авто» холдингі Өскеменде толық циклді автозауыт салу жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Осыдан кейін компания басшысы Анатолий Балушкин іздеуге жарияланып, топ-менеджерлерге қатысты тергеу басталды.

Сот 2024 жылдың наурыз айында басталды. Айыпталушылар – Дмитрий Борзых, Константин Лобанов, Андрей Рябец, Елена Кузьмина, Александр Толстяков, Игорь Потапов, Ержан Мәди және Галина Мокина.

Сот қандай үкім шығарды?

Судья алаяқтық бабы бойынша Елена Кузьмина, Игорь Потапов және Ержан Мәдиді (ол басқа бап бойынша кінәлі деп танылды) дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты ақтады. Сондай-ақ алаяқтық пен салық төлеуден жалтару айыбы тағылған Галина Мокина толық ақталды.

Ержан Мәди меншік иесіне мүліктік зиян келтірді деп танылып, екі жыл сегіз ай орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеу жазасына кесілді. Александр Толстяков пен Андрей Рябец те екі жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Константин Лобанов пен Дмитрий Борзых екі жыл алты айға сотталды.

Алайда судья барлық айыпталушыларды 2021 жылдан бері тергеу изоляторында және үй қамақта болған мерзімдерін есепке ала отырып, жазадан босатты.

«Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобы 1992 жылы құрылған. Оның құрамына «Азия Авто» автозауытынан басқа Lada, Skoda, KIA, UAZ, Renault және басқа да маркаларды сатумен және қызмет көрсетумен айналысатын дистрибьюторлық және дилерлік компаниялар кірді. Холдингтің өзіне қарасты сервис және сату желісінде Қазақстан мен Ресейдің 31 қаласында 44 автоорталық болған.

2020 жылы компания белгіленген мерзімде автозауыт салмағандықтан, билік «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниясымен келісімшартты бұзды. Холдингтің мәліметінше, зауыт құрылысына бірнеше форс-мажорлық жағдайлар кедергі болған. Негізгі себептер ретінде автонарықтың бірнеше рет құлдырауы, теңге бағамының өзгеруі және COVID-19 пандемиясы салдарынан қаржыландыруды тарту қиындықтары аталды. Міндеттемелер орындалмағандықтан, сот «Азия Автодан» мемлекетке 174 млрд теңге шығынды өндіріп алуға шешім шығарды. Бұл қаражат компанияға жеңілдіктер түрінде берілген болатын.

2021 жылдың тамызында билік компания басшысы Анатолий Балушкинді іздеуге жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз