«Пайда кинотеатр иелерінде». Бектенов прокаттан түсетін табысты теңдей бөлуді ұсынды

Қазақстанда кино түсіретіндер мен дайын туындыны прокатқа шығаратындар арасында табыс тепе-теңдігі жоқ. Бұл туралы Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
«Қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек», – деді премьер-министр.
Бектенов қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өскенін, кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші туынды отандық картина екенін айтты. Сонымен бірге соңғы жылдары ұлттық контентке деген сұраныс артып, нәтижесінде шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым теңескен.
«Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан да құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек. Ал жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады», – деді Бектенов.
Айта кетсек, осыған дейін депутат Ринат Зайытов прокатқа шықпайтын, пайда әкелмейтін фильмдерге қаражат бөлуді тоқтату керек екенін мәлімдеген еді. Сонымен бірге танымал видеохостингте қазақ тілді контенттің аз екенін, балаларға арналған контент тіпті жұтаң екенін айтты.