Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылатын болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Креативті индустрияны дамыту қоры құрылады / shutterstock және freepik

Ол елдегі жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлім етті.

Қор қызметін 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Идеядан бастап дайын өнім мен қызметке дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын болады:

  • Таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу).
  • Жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту).
  • Инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету).
  • Экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау).

Министр мұндай құрылымдар әлемнің жетекші елдерінде де барын айтады. Ұлыбританияда – Creative England (Креатив Ингланд) қоры, Оңтүстік Кореяда – Creative Korea (Креатив Корея) қоры жұмыс істейді. Бұл қор корей мәдени толқынын дамытудың негізгі операторы саналады.

Қазақстандағы Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады.

«Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) базасында венчурлық бөлімше құрылып, инвестицияларды тиімді басқару үшін басқарушы компаниялар пулы тартылады,- деп мәлімдеді Балаева.

Сондай-ақ оқыңыз