BYD электрокарды 5 минутта қуаттап, Tesla-ны жолда қалдырды

Жарияланды 18 Наурыз 2025 13:18

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
5 минуттық қуат 400 шақырымға жетеді / фото: sutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытай автогиганты BYD электромобильді бар болғаны бес минутта қуаттайтын құрылғыны таныстырды. Енді электрокардың бензинмен жүретін автомобильден ешқандай кемшілігі жоқ.

Бәсекелестерін басып озды

Осы жаңалықтан кейін BYD «электрокарды қуаттау бензин құйғандай тез» деп ұрандата алады деп жазды Bloomberg. Осының алдында ғана қытай автогиганты «бағасы бір, бірақ функциясы көп», «ақылды басқару жүйесіне бәрі лайықты» деген ұрандар тастаған. Себебі ол көпшілікке арналған ең арзан өнімдерінің өзіне озық үлгідегі технологиялар орнатып жатыр.

Түптеп келгенде, осының бәрі BYD гигантын Илон Масктың Tesla-сы секілді тікелей бәсекелестерін басып озуға көмектеседі. Қазірдің өзінде электрокарды тез қуаттау жағынан қытай автоөндіруші бірінші орынға көтеріліп үлгерді. Бұл жағынан Tesla әлдеқайда артта қалып қойды.

BYD жаңа аккумулятор жүйесі қалай жұмыс істейді?

Қытай автогиганты дүйсенбі күні кешке өз елінде жаңарған электромобильдерін таныстырды. Super e-Platform деп аталатын платформаға флэш-қуаттағышы бар аккумулятор, 1 минутта 30 мың рет айнала алатын мотор, кремний карбидінен жасалған жаңа қуат чиптері орнатылған.

Енді BYD электомобильдері бес минутта алған қуатын 400 шақырымға жеткізе алады. Автоөндірістегі мұндай жетістік май құю бекетіне соғып, бак толы бензин құюмен салыстыруға әбден болады.

BYD өкілдерінің айтуынша, электрокарды тез қуаттау «сұйық салқындатқышпен мегаватты жылдам қуаттау жүйесі» арқасында мүмкін болған.

Қайдан алуға болады?

Мұндай жүйе әзірге Қытайда ғана сатып алуға болады. Автогигант Super e-Platform платформасын Han L және Tang L модельдеріне орнатады. BYD автогигантының осы екі жаңа модельдеріне тапсырысты Қытайда енді ғана қабылдап жатыр. Олар саудаға 2025 жылғы сәуірде шығуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз