Ресей трансшекаралық өзендер бойынша Қазақстанға ақпарат бере ме

Су және ирригация министрлігі Қазақстан мен Ресей су тасқынына дайындық аясында трансшекаралық өзендер бойынша күн сайын ақпарат алмасатынын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, су тасқынына дайындық аясында трансшекаралық өзендер бойынша ақпарат алмасу күнделікті жүріп, су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның өзендері мен су қоймаларындағы су деңгейіне тұрақты бақылау жүргізілуде, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Су қоймаларында тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін бос сыйымдылықтар қамтамасыз етіледі. Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін Ертіс пен Жайықты қоса алғанда 240 шақырым өзен арнасы тазартылды»,– деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Министрлік аталған мақсатта Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының екі отырысы өткенін, ол жерде тараптар деректермен алмасып, су қоймалары мен трансшекаралық өзендердегі су деңгейі бойынша болжамдармен бөліскенін жеткізді.
Көктемнің келуімен, Ақтөбе облысында еріген қар суы авто жол мен уақытша өткелді шайып кеткен.