Қонаев қаласында Наурыз мерекесі қалай тойланады?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Астана Наурыз
Қонаев қаласында Наурыз мерекесіне орай қандай шаралар ұйымдастырылады? Фото: kursiv.media архив

Алматы облысы Наурыз меркесіне жаппай дайындықты бастап кетті. Облыс орталығы Қонаев қаласы мен өңірлерде Наурыз құрметіне 368 іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мерекелік шаралар өтеді. Қонақтар үшін театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, концерттер мен ерекше мәдени перформанстар ұйымдастырылады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Облыс орталығы Қонаев қаласында іс-шаралар негізінен мына үш локацияда өткізіледі.

Негізгі шара Орталық алаңда өтеді. Бұл жерде мереке күндері 25 қазақ үй тігіліп, қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылады. Ал орталықта құрылған сахнада Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.

Екінші шара өтетін орын ретінде Қонаев көшесі таңдалған. Бұл жерде қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастыру жоспарланған.

Үшінші орын – Б.Соқпақбаев атындағы қалалық парк. Паркте түрлі ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақша күрес, асық ату, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар өткізу жоспарланған.

Наурыз мерекесінің құрметіне Қонаевта Қыдыр ата театрландырылған көрінісі сахналанады. Сонымен бірге дәстүрлі наурыз көже тағамы таратылып, 100 домбырашы алаңда күй өнерінің майталманы Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын орындайды. Бұдан бөлек Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті және жастарға арналған Open Air ашық аспан астындағы мерекелік шарасы өтеді.

Қонақтар үшін арнайы фотоаймақтар әзірленіп, аниматорлар мен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасын өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұл күндері Алматы қаласында бірқатар шаралар жоспарланған. Қала бойынша басты концерт – 21 наурыз күні Астана алаңында өтеді. Бұл концерт күндізгі сағат 11:00-де басталады. Шараға «Дос-Мұқасан», Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, «КешYou» және т.б. өнер иелері қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз