USAID ұйымының Қазақстандағы қызметі егжей-тегжейлі тексеріледі – Жұманғарин

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жұманғарин USAID
Жұманғарин USAID ұйымының қызметі егжей-тегжейлі тексерілетінін айтқан / Фото: коллаж kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

USAID ұйымының Қазақстандағы қызметі тексеріледі. Бұл туралы депутаттың сауалына берген жауабында премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан.

Жұманғарин USAID ұйымы, соның ішінде үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасы, олардың USAID мақсаттарына ықтимал әсерін бағалау үшін зерттелетінін айтқан. Сонымен қатар ықтимал жасыру схемаларын, қаражатты пайдаланудағы сәйкессіздіктерді және мүдделер қақтығысын анықтау үшін қаржылық ағындар талданады.

«ҚР Әділет министрлігі қазіргі уақытта мемлекеттік органдарға осындай зиянды «демеушілік» жобалардан балаларымызды қорғауды және психоэмоционалдық, менталдық, физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасын әзірлеу мәселесін пысықтау үшін тиісті сұраныс жолдады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, қаржыландырылатын жобалар мен бағдарламаларды, олардың мақсаттарын, белгіленген мақсаттардың нақты нәтижелерге сәйкестігін зерделеу бойынша USAID қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізу бөлігінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», – делінген жауапта.

Жұманғариннің айтуынша, екіжақты келісімдер шеңберінде елде 2024 жылы USAID-пен түрлі бағыттар бойынша 28 ұзақ мерзімді бағдарлама іске асырылған. Ал 2023-2024 жылдар аралығында USAID елдегі бағдарламаларды қаржыландыруға 26,5 млн АҚШ долларын жұмсаған. Бұл қаражат экономика, энергетика, денсаулық
сақтау, азаматтық қоғам және БАҚ салаларын дамытуға жұмсалған.

Еске сала кетсек, Дональд Трамп билікке келе салысымен бюджеттік шығындарды қысқартуға кірісті. АҚШ президенті USAID секілді агенттіктерге, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға бөлінетін барлық қаржылай көмекті тоқтату туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде әлем бойынша ұйымның қаржыландыруымен жүзеге асырылып келген түрлі жобалар тоқтаған болатын.

Бюджет шығындарын реттеу тапсырылған кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қызметін сынға алып, ұйымның радикалдарды қаржыландарытанын айтып, онда істейтін біршама қызметкердің жұмыстан кетуіне мұрындық болдық.

Осы орайда айта кетсек, USАID — әлемнің 100-ден астам елінде миллиардтаған долларлық гуманитарлық, даму және қауіпсіздік көмегін басқаратын АҚШ-тың негізгі агенттігі.

Сондай-ақ оқыңыз