Тоқаев Бектеновке Қазақстанның әлеуметтік саясатын жақсартуды тапсырды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды тәулік бойы назарда ұстап отырғанын мәлім етті. Бұл туралы Премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда баяндады.
Үкімет басшысы Президентке елдегі әлеуметтік экономикалық ахуалды баяндады. Сондай-ақ экономикалық реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жөнінде есеп берді. Бектеновтің мәлімдеуінше, биылғы қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 5,4%-ды пайызды құраған.
«Премьер-министр Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы жүктеген ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды іске асыруға, цифрландыру мен адами капиталды дамытуға қатысты міндеттерді орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді»,– делінген Ақорда хабарламасында.
Бұдан бөлек Бектенов Президентке өзі жетекшілік ететін республикалық штабтың су тасқынына қарсы жұмыстары жөнінде есеп берді. Үкімет басшысы жағдай тәулік бойы бақылауға алынған айтады. Қазіргі уақытта 37 мыңнан астам қызметкер мен 13 мың техника сақадай-сай тұр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік саясатты жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.