Google бес жыл бұрын құрылған компанияны 32 млрд долларға сатып алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бұл оның тарихтағы ең қымбат саудасы / фото: REUTERS/Manuel Orbegozo/File Photo

Google 18 наурыз күні 32 млрд долларға Wiz киберқауіпсіздік компаниясын сатып алатынын жариялады. Wiz бес жыл бұрын құрылған.

Осылайша технология гиганты тарихындағы ең қымбат сауда келісіміне отырады. Сауда келісімі жабылған уақытта Wiz платформасы Google Cloud-қа қосылады.

Өз саласындағы ең ірі компания бұған дейін мұндай қымбат сауда жасаған емес. 2012 жылы Google компаниясы Motorola Mobility-ді 12,5 млрд долларға сатып алғаны мәлім. Бірақ кейін оны қайта сатып, шығынға батқан деп жазды CNN.

Google таңдаған жас компания

Бас кеңсесі Нью-Йорк қаласында орналасқан Wiz мәліметтер бұлтының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ететін бағдарламалар дайындаумен айналысады. Бес жыл бұрын ғана құрылған компания аз уақыттың ішінде өз саласының үздігі атанды.

Wiz-ді Асаф Раппапорт, Ами Латтвак, Йинон Костика және Рой Резник құрған. Олар бірнеше жыл бұрынм Израиль қорғаныс армиясының кибербарлау бөлімшесінде танысқан.

«Wiz аз уақытта көп жетістікке жетті, бірақ киберқауіпсіздік көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатыр. Бізге де даму қажет. Уақыты келді», – деп жазды Раппапорт Wiz-дегі блогында.

Dealogic мәліметінше, бұл сауда жекеменшік америкалық компаниялар тарихында ең қымбат жетінші сауда келісімі болғалы тұр.

Уолл-стриттегілер Google-Wiz қосындысы кейінгі бірнеше айда мың құбылған келісім нарығын қайта қалпына келтіреді деп үміттеніп отыр.

Google LLC – Alphabet холдингіне кіретін америкалық трансұлттық корпорация. Оның негізін 1998 жылы Сергей Брин мен Ларри Пейдж қалаған.

Сондай-ақ оқыңыз