Жан Ахмадиев Шерзаттың отбасын қорғайтын жаңа адвокаттарды таныстырды

Шерзат Полаттың отбасын енді басқа адвокаттар қорғайды. Блогер, қоғам белсендісі Жан Ахмадиев Талғар ісіне қатысты сотқа қатысатын жаңа қорғаушылармен таныстырды.
Ахмадиев отбасының адвокаттардың көмегінен бас тартпағанын, тек Айтбек Нүкеновпен байланысты үзгісі келгенін айтады.
«Қаржаубайдың отбасы адвокаттардан бас тартқан жоқ. Олар тек Айтбек Нүкенов – Салтанат Нүкенованың ағасымен байланысты үзгісі келген. Көпшілік соны түсінбей жатыр. Шерзаттың ісімен енді елімізге елеулі, мықты адвокаттар Мейірман Шекеев пен Жандос Балманов ағамыз айналысады. Нақтырақ айтқанда, Мейірман Шекеевтің компаниясы айналысады», – деді блогер.
Шекеев Қаржаубайдың отбасы компания адвокаттарына сенімхат бергенін, енді Шерзат ісімен айналысатын адвокаттар тобын құратынын жеткізді. Сонымен қатар бұл іске ерікті түрде қатысуға ниет білдірген қорғаушыларды өз қатарына қосуға дайын екенін мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Қаржаубай және Гүлбара ханым біздің компанияға сенімхат берді. Ары қарай өзіміздің тобымызды жасақтаймыз. Сотта біз Шерзаттың отбасының мүддесін қорғаймыз. Сонымен қатар бізге көмектесемін деген адвокаттар болса, өз қатарымызға шақырамыз. Қаржаубайдың бұрынғы адвокаттарына шектеу келтірмейміз. Олар қосымша жұмыс жасаймыз десе, бізге қосыла алады», – деді адвокат.
Сонымен бірге Шекеев бұрынғы қорғаушылардан іс материалдарын сұратқанын, бірақ екі күннен бері олардың құжаттарды жібермегенін атап өтті.
Еске сала кетсек, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың Айтбек амангелді ұсынған адвокаттардан бас тартқаны туралы кеше, 18 наурызда белгілі болды. Қоғамдық қорғаушы Саида Тәуекелова Қаржаубайдың адвокаттармен байланысқа шықпай қойғанын айтқан.