2024 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының таза пайдасы екі есе өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының 2024 жылғы шоғырландырылған кірісі 1,8 трлн теңгені құрады
«Қазатомөнеркәсіп» 2024 жылғы қаржы нәтижесін шығарды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2024 жылғы шоғырландырылған кірісі 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Ал таза пайдасы екі есе өсіп, 1,13 трлн теңгеге жеткен.

Ұлттық компанияның қаржы есебіне сәйкес, таза пайданың өсуіне уран (U3O8) бағасының қымбаттауы және «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС өнімдерін жеткізу көлемі артуы себеп болған.

Операциялық және өзге де табыстар

2024 жылы компанияның операциялық пайдасы 806,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары (2023 жылы 680,8 млрд теңге болған).

Сонымен қатар 2024 жылы компанияның өзге де табысы 402 млрд теңгені құрады. Оған негізінен компанияның «Буденовское» БК» ЖШС-ны бақылауға алып, 295,7 млрд теңге табыс алуы себеп. Компания 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған кәсіпорынды бақылауға алғаны белгілі.

Бұдан бөлек, Anu Energy OEIC Ltd тауарлық қарызын қайта бағалау мен қайтарудан түскен кіріс 2024 жылы 14,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2023 жылдың соңғы тоқсанында Dioxitek S.A. компаниясына уран сатылымына байланысты есептелген дебиторлық берешек өтелді, нәтижесінде құнсыздану бойынша бұрын есептелген резервтер қалпына келтірілді.

Таза пайданың өсуіне не себеп?

2024 жылы компанияның таза пайдасы 1,3 трлн теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 95%-ға артты (2023 жылы 580,3 млрд теңге болған). Оған бірнеше фактор әсер еткен. Олардың қатарында :

  • «Буденовское» БК» ЖШС-ның бақылауға алынуынан түскен табыс;
  • Операциялық пайданың ұлғаюы;
  • U3O8 спот құнының артуына байланысты орташа сатылым бағасының өсуі;
  • Қауымдастырылған кәсіпорындар үлесінің артуы бар.

EBITDA мен ақша ағыны

2024 жылы EBITDA түзетілген көрсеткіші 1, 09 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға ұлғайды (2023 жылы 828,6 млрд теңгегы құраған).

Операциялық ақша ағыны да айтарлықтай өсіп, 2024 жылы 516,5 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 432,2 млмр теңге болған. ) Оған нарықтық спот бағасының өсуіне сәйкес сатылымда өнім бағасының артуы мен 29,5 млрд теңге сомасына бюджеттен қосылған құн салығының қайтарылуы әсер еткен.

Алайда былтыр компания шығыны да артқан. Мәселен, шикізат пен материалдардың қымбаттауына байланысты жеткізушілерге төлемдердің 72,6 млрд теңгеге өсіп, қосылған құн салығы мен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың 77,7 млрд теңгеге артып, сондай-ақ салық салынғанға дейінгі пайданың ұлғаюына байланысты төленген табыс салығы 76,1 млрд теңгеге көбейген.

Қазақстан 2024 жылы уран өндірісін 10% арттырды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 21 112 тонна болса, 2024 жылы елімізде 23 270 тонна уран өндірілді. Алайда былтыр сатылған уран көлемі 8%-ға азайып, 16,6 мың тоннаны құраған.

Сондай-ақ оқыңыз