Депутат Шымкентте метро салуды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы метросында
Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Шымкентте метро салуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл жоба қаладағы көлік мәселесін шешуге және экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.

Депутаттың сөзінше, Шымкент қарқынды дамып келеді, ал көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме күн санап артып отыр. Қазіргі уақытта қалада жол кептелісі үйреншікті құбылысқа айналған. Ал қоғамдық көлік жолаушылар тасымалына толықтай жауап бере алмай отыр. Бұл жағдай ауаның ластануына және тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.

«Метро – бұл арман емес, қажеттілік. Мысалы, Ташкентте бүгінде 50 метро станциясы бар, олардың жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асады. Соңғы бес жылда 10-нан астам жаңа станция ашылды, бұл кептелістерді азайтып, қаланың түрлі аудандары арасындағы көлік қатынасын жақсартты. Алматы, Баку, Тбилиси, Ереван – бұл қалалар метроны экологиялық таза әрі ыңғайлы көлік түрі ретінде қолданады. Шымкент те бұл тізімнен қалып қоймауы керек», – деді депутат.

Болатбек Нәжметдинұлы жерүсті көлік жүйесі (LRT) Шымкентке тиімді шешім болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, LRT жеке қозғалыс жолағын талап етеді, бұл кептелісті одан әрі ушықтыруы мүмкін. Әрі LRT жүйесінің өткізу қабілеті метроға қарағанда әлдеқайда төмен, ал экологияға әсері айтарлықтай болмайды.

«Біз Қытайдың тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Қытай метроны тез әрі минималды шығынмен сала алады. Олардың заманауи технологиялары құрылыс мерзімін қысқартып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан осы тәжірибені зерттеп, жергілікті жағдайға бейімдеуі тиіс», – деп атап өтті депутат.

Әзірге үкімет Алматыдағы метро желісін әлі ұзарта алмай отыр. Үш жыл бұрын жаңа «Қалқаман» бекеті пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ оның құрылысына жауапты «Базис-А» компаниясы мемлекет тарапынан қаражат дұрыс бөлінбеді деп мәлімдеді. Қала әкімі Ерболат Досаев метроның құрылысын жалғастыру үшін кемінде бір млрд долларға дейін Қытайдан несие алмақшы.

Сондай-ақ оқыңыз