Қымбатшылық қысып барады: халық тапқан табысының тең жарымын азық-түлікке жұмсайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
азық-түлікке
Азық-түлікке қанша ақша жұмсалады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың IV тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа ақшалай шығыны 309 257 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға жоғары.

Ал азаматтардың орташа табысы 342 896 теңгеге жетіп, 12,1%-ға артқан. Тұтынуға пайдаланылған табыс – 313 742 теңге, яғни өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға көп.

Халық тапқан табысын қайда жұмсайды?

Халық осы тапқан табысының жартысын (155 099 теңге) азық-түлік алуға жұмсайды. Бұл туралы статистика бюросының «Қазақстан Республикасы халқының табыстары мен шығыстары» есебінде жазылған.

Қалған қаржының 23,2%-ы (71 595 теңге) азық-түлік емес тауарларға, 18,4%-ы (57 029 теңге) ақылы қызметтерге кетеді. Орта есеппен 19 мың теңге кредит төлеуге жұмсалады. Туыстары мен таныстарына материалдық көмек, алимент ретінде 6 мың теңге бөлінеді.

Өңірлер бойынша азық-түлікке ең көп қаржы жұмсайтын аймақтар:
🔹 Түркістан облысы – 59,9%
🔹 Жамбыл облысы – 58,7%
🔹 Алматы облысы – 57,5%

Ал ең төменгі көрсеткіш:
🔹 Қарағанды облысы – 42,3%
🔹 Ақмола облысы – 43,5%
🔹 Астана қаласы – 43,8% деңгейінде тіркелген.

Тұтыну шығындары жалпы халықтың ақшалай шығынының 91,7%-ын құрады. Өңірлік бөліністе бұл көрсеткіш Ұлытау облысында 82,0%-дан Маңғыстау облысында 99,3%-ға дейін өзгерді.

Қымбатшылық қарқын алып барады

Қазақстан үкіметі кейінгі екі жылда инфляцияны төмендетуге тырысқанымен, қамбатшылық қапқын алып барады. 2024 жыл соңында 8,6%-ды құраған инфляция, екі айда 9,4%-ға жетті.

2025 жылғы ақпанда ақылы қызметтердің бағасы жылдық мінде  14,1%-ға өсті (қаңтарда 13,8% болған). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 8,7%-ға (қаңтарда 8,4%), ал азық-түлік өнімдері 6,5%-ға (қаңтарда 5,8%) қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз