Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысына тағы 28 млрд теңге бөлінеді

Алматы әкімі Ерболат Досаев «Қалқаман» метро бекетінің құрылыс алаңына барды. Қала билігі жаңа бекет 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқталады деп уәде берді. Биылғы жылы бұл құрылысқа 28 млрд теңге бөлінбекші.
Метро құрылысы бойынша жоба 2020 жылы басталған болатын. Бірақ кейінірек бірнеше түзетулер енгізілді. Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аралық туннельдердің ұзындығы 1,98 шақырымды құрайды. Ал бекеттің өзі Абай даңғылының бойында, Әшімов көшесінің батысында орналасады.
«Станция платформасының ұзындығы 98 метрге жетеді, оған іргелес аумақ абаттандырылады. Оның ішінде 380 автокөлік пен 28 автобус тұрақтары қарастырылған. Жобаның бас мердігері BCN-Group (бұрынғы Bazis construction) компаниясы болып табылады», — делінген хабарламада.
2024 жылы жобаға қаржыландыру жетпей қалған еді. Қазіргі уақытта жұмысшылар жаңа станция үшін котлован қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Ағымдағы жылға 28 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ерболат Досаев сапар барысында мердігерге ағымдағы жылға бөлінген қаржыны толықтай игеру міндетін қойды», — деп хабарлады әкімдік.
BCN group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович аумақта 150 маман 50 ден астам арнайы техника үш ауысыммен істеп жатыр деп сендірді. Нысан 2026 жылдың қаңтарында, жоспарланған мерзімде аяқталатынын мәлім етті.
Айта кетейік, метро құрылысы 3 жылға жетпей аяқталуы керек еді. Бірақ жобаға қажетті қаражат дұрыс бөлінбеген.
■ 2020 жылы республикалық бюджеттен 190,2 млн теңге бөлінген
■ 2021 жылы – 600 млн теңге
■ 2022 жылы – 0 теңге
■ 2023 жылы – 9,2 млрд теңге
■ 2024 жылы – 2,67 млрд теңге
■ 2025 жылы – 28 млрд теңге
■ 2026 жылы – белгісіз
Бекет құрылысына жауапты «Базис-А» компаниясы осыған дейін қаржы республикалық бюджеттен қаржыландыруылуы керек деп мәлімдеген болатын. Алайда бөліну керек ақша кешігіп жатқанын хабарлады.
«Базис-А» холдингінің негізін қалаушы Александр Белович Қазақстандағы ең танымал бизнесмендер тізіміне кіреді. 2024 жылы дәулеті 745 млн доллар деп бағаланған.