Сербия парламенті ел үкіметін отставкаға жіберді

Бірнеше айдан бері ереуілдер жүріп жатқан Сербия елінің үкіметі отставкаға кетті. Бұл туралы Сербияның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
«Сербияның парламенті 19 наурызда премьер-министр Милош Вучевич басқаратын үкіметті отставкаға жіберді. Вучевич президент Александр Вучичтің жақын серіктесі болатын», – деп жазады ел басылымдары.
Вучевичтің отставкаға кетуіне студенттік наразылықтар себеп болды. Студенттер 2024 жылдың 1 қарашасында Новый-Сад қаласындағы теміржол вокзалының төбесі құлап, 15 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін жаппай ереуілге шыға бастады. Студенттерді ел билігінің құрылыс мәселесіне қатысты салғырттығы ашуландырды. Төбесі опырылып түскен вокзал ғимараты 2021 жылы ғана жөндеуден өткен. Ал 2024 жылы 5 шілдеде ресми ашылу салтанатына қайта жаңғыртылған. Бірақ соған қарамастан ғимарат төбесі құлап түскен.
Халық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ереуілді тоқтатпады. 15 наурыз күні жүздеген адам Белград орталығында ереуілге шығып, Новый-Садта қайтыс болған 15 адамды еске алу акциясын өткізді. Акция кезінде ереуілдеушілер бір минуттық үнсіздік жариялады. Дәл сол кезде билік митингке шыққандарды тарату үшін дыбыстық зеңбірек қолданғаны белгілі болды.
2024 жылдың күзінен бастап ереуілдер тоқтамаған соң, премьер-министр Милош Вучевич 28 қаңтар күні отставкаға кетуге өтініш берген. Оның отставкасы жөніндегі өтінішті парламент енді мақұлдаған.
Енді Сербия билігі жаңа үкіметті құрылымдауы керек. Егер 30 күн ішінде жаңа үкімет құрылмаса, елде парламенттік сайлау өтеді.