Қомақты пара алған Алматы су департаментінің басшысы 5 жылға сотталған

«Пара алды» деп айыпталған Алматы Су коммуналдық мекемесі департаментінің басшысы Мақсат Жолдыбаевтың жазасы шартты емес. Бұл туралы сенат кулуарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, кей баспасөз беттерінде департамент басшысы 5 жылға шартты жазаға кесілгені туралы ақпарат шыққан. Алайда оның жазасы кейін шарттыдан, қамауға алуға өзгертілген.
«Баспасөз беттерінде ол 5 жыл шартты жазаға кесілді деген ақпарат тарады. Алайда ол кәсіпкерлерден 75 млн теңге пара алмақ болды деген күдікке ілінген. Осыған орай прокуратура шағымы бойынша аппеляциялық шешім шығып, үкім 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, ол сот залында қамауға алынды» деді ол.
Мақсат Жолдыбаев Алматы Су мекемесінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол «Еділ Строй Сервис» және «Электрокомплекс Қазақстан» компанияларының басшыларынан 75 млн теңге пара алды деп айыпталған. Тергеу нұсқасы бойынша ол параны орындалған жұмыс актісін кедергісіз қабылдауға алған.
Дархан Құрақбаев сондай-ақ жемқорлық фактісі бойынша іздеу жарияланған Арғын Нығматулин тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалғанын мәлім етті.