Былтыр қатаң сөгіс алған Су министрі биылғы тасқынға қаншалықты дайын

Сенат кулуарында журналистер былтырғы су тасқыны кезінде қатаң сөгіс алған Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен биылғы тасқын маусымына қалай дайындалып жатқанын сұрады.
Нұржігітов былтырғы тасқынның қорытындысы бойынша тұжырымдама, кешенді жоспар секілді жүйелі шешімдер қабылданғанын атап өтті.
«Бірінші кезекте жаңа су қоймаларын салу, істеп тұрғандарын жөндеуден өткізу, 14 мың шақырымнан астам ирригация жүйесін қалпына келтіру секілді жұмыстар жасалды. Одан бөлек өңірлерде коммуналдық меншіктегі мекемелер құрылды. Мыңнан астам адам жұмысқа тұрды, 800-ден астам гидротехникалық құрылыстар теңгерімге алынды. Көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі», – деді ол.
Министр сондай-ақ Tasqyn ақпараттық жүйесі іске қосылғанын, оның негізінде ел аумағы үш аймаққа бөлінгенін айтты.
«Қызыл аймаққа Солтүстік және Шығыс Қазақстан кірсе, сары аймаққа сегіз облыс енді. Жасыл аймақта Оңтүстік Қазақстандағы облыс пен Маңғыстау облысы бар. Ақпараттық жүйе тәулік бойы су деңгейін бақылайды да нәтижелерін жергілікті атқарушы органдарға жолдайды», – деді ол.
Бұған дейін, Есіл өзенінің суы көтеріліп, су басу қаупі артқаны хабарланған. Сондай-ақ ТЖМ аймақтар су тасқынын алдын алу бағытында не істеп жатқаны жөнінде есеп берген.