
Сауд Арабиясында мұсылмандарға арналған халал виски пайда болды. Бұл жаңалық аз ғана уақыт ішінде трендке айналды.
Аздап ұрттауға болады
Халал виски адамдарды мас қылмайды екен. Масаң күй сыйлап, стресс шығаруға көмектеседі. Сауд Арабиясының шенеуніктерінің пікірінше, бұл виски шариғатқа сай келеді. Мұсылмандардың оны мейрам кездері аздап ұрттауына болады. Бұл – адамдар халал виски ішіп, рахаттанғанымен, масаймайды деген сөз.
Мұны кейбір сарапшылар Исламның екі шамшырағы – Мекке мен Мәдина қаласы орналасқан Сауд Арабиясының вестернизацияға ұшырай бастауына жорып отыр.
Қазақстандықтар неден қорқады?
Қазақстандықтар мұндай халал вискидің елімізге келгенін қаламайтыны байқалады. Әлеуметтік желілер арқылы «енді халал самогон, халал сало» шығатын шығар деп наразылықтарын білдіріп жатыр.
«Ішетін адамдарды тек қана 20 пайызы ғана ұрттап, әрі қарай доғара алады. Бірақ халықтың 80 пайызы бөтелкенің соңына дейін ішеді», – деп дабыл қағады.
Маман не дейді?
Бұл мәселеге дінтанушы Қайрат Жолдыбай KursivMedia-ға пікір білдірді.
«Ислам дінінде мас қылатын алкогольдік сусынның барлық түрі — харам, яғни тыйым салынған. Бірақ соңғы жылдары нарықта «халал виски» немесе «алкогольсіз шарап» деген атаумен сусындар пайда бола бастады», – дейді дінтанушы.
Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, шарап құрамында ешқандай алкоголь болмаса (0.0%), және мас қылмайтын, зиянсыз, таза жолмен өндірілген болса, кейбір ғалымдар ондай сусынды ішуге болады деп рұқсат берген.
Құштарлықты оятуы мүмкін
Дінтанушының сөзінше, оның атауы «шарап», «виски» болғандықтан және сыртқы келбеті, дәмі, иісі арқылы нағыз шарапты еске түсіретіндіктен, кейбір дін ғалымдары бұған қарсы.
«Халал шарап» ішу арқылы жастарда шарапқа деген құштарлық оянуы мүмкін. Сыртқы пішіні мен атауы, дәмі харам шарапқа ұқсас сусын арқылы елді харамға бейімдеу дұрыс емес. Исламда тек ішімдіктің өзі емес, оған апаратын барлық нәрсе де ескеріледі», – дейді дінтанушы.
Адал мен арамның шекарасы қайда?
Қайрат Жолдыбай сақтық үшін және жастарды шатастырмау мақсатында «халал виски» секілді мұндай өнімдердің пайда болуын құптамайды.
«Адал мен арамның шекарасы қатты жақындамағаны дұрыс. «Неге басқа атаумен емес, міндетті түрде «шарап» деп аталуы керек. Мәселе осында» – деп ойлаймын», – дейді дінтанушы.
Мұның алдында Қазақстаның мұсылмандар діни басқармасы ЛГБТ туралы шығарған үкімі туралы жазған едік.