Медұйымдардың қаржылық ашықтығын қадағалау үшін бірыңғай төлем жүйесі іске қосылады

Денсаулық сақтау министрлігі барлық медициналық ұйымда қаржыландырудың ашықтығы мен түпкілікті бақылаудың шынайылығын қадағалау үшін бірыңғай медициналық көмек төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Биыл 1 маусымға дейін медициналық қызметтер толықтай бақылауға алынбақ. Бұл туралы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова айтты.
Министрдің айтуынша, елде «Бірыңғай медициналық көмек төлем жүйесін» (БМТЖ) енгізу бойынша ауқымды жоба басталған. Ол медициналық қызметтерді толық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Әлназарова жүйе биыл наурыз айында Ақмола облысында пилоттық режимде іске қосылғанын айтады.
«1 сәуірден бастап жобаға Қостанай, Ақтөбе және Қарағанды облыстары қосылады. Ал 2025 жылдың 1 маусымына дейін Қазақстанның барлық өңірлері жүйемен қамтылады. Бұл медициналық қызметтерді бақылау деңгейін қазіргі 5%-дан 100%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Әлназарова мәжілістегі үкіметтік сағатта.
Министрдің айтуынша, «Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі» енгізу денсаулық сақтау жүйесіндегі деректердің толық ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Осылайша елдегі медициналық ұйымдардағы шығыстарға бақылау күшейеді.
Сондай-ақ министр кейбір азаматтар үшін МӘМС жарнасы 5 есеге өсетінін атап өтті.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна есептеу үшін қолданылатын базаның жоғарғы шегін 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) 50 ЕТЖ-ға дейін көтеру ұсынылады, яғни 5 есеге ұлғайтамыз,- деді Әлназарова.
Бұл өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшылар мен оларға жұмыс берушілердің шамамен 9% (508 мың адам) әсер етеді. Себебі қазір табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді.