«Жобаны Назарбаев та мақұлдаған»: Қожағапанов ісіндегі екінші сотталушыдан жауап алынды

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 26 наурызда сотталушы Көккөзовадан жауап алынды деп хабарлайды KursivMedia.
«…Басқа да жобалардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі байланысқа шықты. Олар 2018 жылдың тамызында форум өткізгелі жатқанын, сол үшін облыс әкімі үшін презентация жасауымызды өтінді. Презентация жасап, таныстырдық. Содан кейін СҚО бұл форумды өткізбейтін болып, Мәдениет және спорт министрлігі жауапты болды. Наурызда форумды ұйымдастыру бойынша жиынды Петропавл қаласында сол кезде вице-премьер болған Асқар Мамин өткізді. Біз де сол жерге барып, компаниямызды таныстырдық. Наурыздан мамырға дейін біз туралы ұмытып кетті. Біз басқа да жобасы көп компания болғандықтан, бұған қатты мән бермедік. Форумды біз өткізбейміз деп ойладық», – дейді сотталушы Көккөзова.
Айтуынша, мамырда компания өкілдерін министрлікке шақырып, әрі қарай вице-министр Ерлан Қожағапановпен таныстырған.
«Сол кезде вице-министр Ерлан Қожағапановпен таныстым. Оған дейін мен де, менің отбасым да ол кісі туралы білген жоқпыз. Қожағапанов мен үшін форумды өткізуге жауапты басшы ғана болды», – дейді ол.
Сотта Ләззат Көккөзова форумды ұйымдастыруға өзінен басқа тағы екі компания қатысқанын тек тергеу барысында білгенін айтты. Алайда олар ұсынған жоба ұйымдастырушылардың, тіпті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілінен шықпағанын айтады.
«Мамырдың соңында біздің жоба мен коммерциялық ұсынысты Мәдениет және спорт министрлігі, Үкімет, Президент әкімшілігі, тіпті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мақұлдады. Менің қызметімнің құны 2,9 млрд теңге болатынын айттым. Кез келген тапсырыс беруші бұл сомаға келіспейтінін айта алады. Бұл – коммерциялық ұсыныс, смета емес. Мұның бәрін бірден түсіндірдік. Содан кейін шығын 2,9 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге азайды. Мәдениет және спорт министрлігі мұның Қаржы министрлігі жүргізіп жатқан қысқартуға байланысты екенін айтты. 2,3 млрд теңгеге келісіп, форумды өткізуге мәдениет және спорт министрлігімен 25 тамызда келісімшартқа отырдық», – дейді сотталушы Ләззат Көккөзова.
Қылмыстық іс аясында жымқыру әрекеті салдарынан 1 044 403 217 мың теңге шығын келгені көрсетілген.
«Айыптау актісінің маған қатысты бөлігінде сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі қаражатты лауазымдық қызметін пайдаланып талан-таражға салды деп көрсетілген. Мен министрлік қызметкері емеспін, мен «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директорымын. Министрлікпен келісімшарт жасастым, атқарылған жұмыстар актісіне қол қойдым. Содан кейін ешкім маған мүлік сеніп тапсырылды деп айта алмайды», – дейді сотталушы.
Ерлан Қожағапанов ісі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.
Іс бойынша екі сотталушы бар. Бірі – бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Екінші сотталушы – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген.