Британдық компания Қазақстанға қарсы арыз түсірді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөз

Британдық «Victoria Oil & Gas» мұнай-газ компаниясы Қазақстанға қарсы Энергетикалық хартия аясында талап арыз берді. Арыздың мәтіні Дүниежүзілік Банктің сайтында жарияланған.

2021 жылдың сәуірінде компания Қазақстанға жүздеген миллион доллар көлемінде шағым түсіру ниеті бар екенін мәлімдеген. Оған Атырау облысындағы Кемеркөл кен орнында мұнай барлау және өндіру келісімшартының бұзылуы себеп болды. Енді бұл жолы талап арыз ресми түрде тіркелді.

«Біз Қазақстанның құқықтық жүйесінің шектеулері аясында өз позициямызды қорғауды жалғастырамыз және оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Алайда, Кемеркөлдің Викторияның жалпы активтер портфеліндегі ұзақ мерзімді экономикалық маңызы барынша төмендетілді», – деп жазылған компания сайтында.

«Victoria Oil & Gas» 2005 жылы «Saga Creek Gold Ltd» компаниясынан Кемеркөл кен орнындағы 100% үлесті 8,5 млн долларға сатып алған. Компания бірнеше ұңғыма бұрғылап, геологиялық мұнай қорын 15 млн тоннаға бағалаған. Алайда 2008 жылы жер қойнауын пайдалану келісімшарты ешқандай себептер көрсетілместен бұзылды деп жазады Energy Monitors арнасы.

Сол жылы «Bakyt Tau» ЖШС «Saga Creek Gold Ltd»-тен Кемеркөл кен орнындағы жер қойнауын пайдалану құқығын 360 млн теңгеге сатып алды.

2016 жылы, сегіз жылдан кейін, «Bakyt Tau» ЖШС бұл құқықты «Ап-Нафта Оперейтинг» ЖШС-не 1,36 миллиард теңгеге өткізді. Соңғы компания бірнеше бағалау ұңғымасын бұрғылап үлгерді.

«Кемеркөл кен орны жүздеген миллион долларлық талапқа негіз бола алмайды, Стати ісіндегі Боранқұл мен Толқын кен орындарынан айырмашылығы бар. Бәлкім, бұл талап арыздың саяси астары экономикалық себептерден басымырақ», – дейді бұл туралы Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.

Сондай-ақ оқыңыз