Таразда 5 кәсіпкер «Айша бибі» кесенесінің жерін заңсыз иемденіп алған

Таразда 5 кәсіпкер «Айша бибі» кесенесінің аумағын заңсыз иемденіп алған. Заңсыз сауда жүргізген кәсіпкерлер сот арқылы жер телімін босатуға міндеттелді.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі Жамбыл облысының бес тұрғынының үстінен жерді пайдаланудағы кедергілерді жою туралы сотқа талап қоюмен жүгінген. Музей-қорықтың иелігінде «Айша-Бибі» кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығы берілген , – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Аталған жер телімі ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде танылып, онда бірнеше техникалық ғимарат салынған. Кейіннен бес кәсіпкер бұл ғимараттарды заңсыз иемденіп, кесене аумағында сауда жүргізе бастаған.
«Мұражай-қорық кәсіпкерлерден ғимараттарды босатуды талап етіп, сотқа жүгінді. Өйткені жауапкерлердің сауда жасауға рұқсат құжаттары жоқ, әрі бұл ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану құқығы берілмеген. Сонымен қатар тарихи-мәдени қорық аумағында сауда жасауға тыйым салынған», – деп атап өтті сот өкілдері.
Жауапкерлердің төртеуі кінәсін мойындамады. Олардың бірі даулы ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін тегін пайдалануға бергенін айтты. Ал бесінші жауапкер талап-арызбен келісті.
Жамбыл аудандық соты мұражайдың пайдасына шешім шығарып, кәсіпкерлердің ғимараттарды заңсыз иемденгенін анықтады.
«Сот кәсіпкерлерді заңсыз иеленген ғимараттарды босатуға міндеттеді. Жауапкерлер бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсірді. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін дұрыс деп тауып, оны өзгеріссіз қалдырды», – делінген сот қаулысында.
Айта кетейік, өткен жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған болатын.