Экологтар Үкіметті Алматы маңындағы тау кластерін дамыту жоспарын қайта қарауға шақырды

Алматыда экология саласының мамандары баспасөз мәслихатын өткізіп, Үкіметтің Алматы маңындағы тау кластерін дамыту жоспарын сынады.
«Жасыл құтқару» ЭҚ төрағасы Сергей Куратов Туризм және спорт министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген кешенді жоспар тау экожүйелерінің одан әрі бұзылуына, Алматы қаласы мен облысындағы экологиялық жағдайдың нашарлауына, Қазақстан бекіткен халықаралық конвенция нормаларының бұзылуына әкеп соғатынын айтады.
Сондай-ақ ол кешенді жоспар жауапсыз даму салдары мен үстеме туризмнен пайда болатын антропогендік жүктемені азайтуды қарастырмайтынын атап өтті.
«Су сапасын жақсарту және қаланың ауа бассейнінің жағдайын жақсарту жоспары жоқ, саябақтарды толтырған қалдық мәселесін шешу жоспары да жоқ. Іле-Алатау ұлттық саябағы көптеген басқармалардың басқаруында, іс жүзінде саябақ әкімшілігі өз аумағына бақылауды жоғалтты»,– деді ол.
Экология және көлік саясаты саласының сарапшысы Елена Валерьевнаның айтуынша, Алматы тау кластерін дамыту жоспары агломерацияның тұрақты дамыту мәселелерін мүлде елемейді, жобаларды талқылаудың барлық кезеңінде қоғамдық пікір ескерілмей, ведомствоаралық үйлестіру болмаған.
Ал туроператор өкілі Вагида Салимов жоба аясында жоспарланған кейбір нысандар экологтарды ғана емес, туристік бизнес өкілдерін де әбігерге салып отырғанын жеткізді.
«Туризмді дамытудың қазіргі жоспарында оның кластерлік мәртебесіне қарамастан, Алматы, Талғар, Қаскелең қалалары мен ауылдарда экономикалық және әлеуметтік өсу үшін қажетті жаңа мұражайлар ашу жобасы, көрме-концерт алаңдары мен басқа да туристік объектілер түсіп қалғаны бізге мүлдем түсініксіз»,– деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар Үкімет пен жергілікті билік өкілдерін Алматы тау кластерінде туризмді дамыту жөніндегі шаралар кешенін қайта қарауға, ұлттық саябақтың жерін Алматы қаласы әкімдігінің басқаруына беруді тоқтатуға шақырды.
Бұған дейін, экология министрі Ерлан Нысанбаев Іле-Алатау ұлттық саябағының 20 мың гектарға жуық жері министрліктен, әкімдікке, яғни «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының теңгеріміне беріледі деген ақпаратты терістеген болатын.