Саяхатта тамаққа ақша үнемдеудің қандай жолдары бар

Жарияланды 28 Наурыз 2025 08:08

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Саяхатта тамаққа ақша үнемдеудің қандай жолдары бар?
Саяхатта ақша үнемдеу жолдары / Фото: shutterstock

Cаяхатта билет пен қонақүйден кейінгі ең көп ақша шығындайтын тармақ — күнделікті тамақ. Саяхат жанға ләззат сыйлауы үшін денсаулықты күту керек. Ал саулық негізі — уақытылы, дұрыс әрі сапалы тамақтану екені бәріне белгілі. Оның үстіне жаңа елге саяхаттап барғанда, бұрын татып көрмеген дәм түрлерімен танысып, гастрономиялық тәжірибеден де қағылғың келмейді. Осының бәрін тепе-тең ұстап, қалтаңызға да артық салмақ түспесін десеңіз, саяхатта тамаққа ақша үнемдеудің бірнеше ережесін есте ұстаңыз.

Cу тазартатын фильтрі бар бөтелке алып жүріңіз

Саяхатта көп жүресіз, шаршайсыз, ағзаға артық салмақ түседі. Оның орнын толтыру үшін әлбетте, көп су ішесіз. Қысы-жазы ыстық болатын елдерде немесе ауа температурасы мен ылғал деңгейі жоғары аймақтарда күніне он шақты бөтелке су сатып алуға тура келеді. Бұл — артық шығын, оның үстіне, қоқысқа кететін пластик санын көбейтіп, қоршаған ортаға зиян келтіресіз. Ақшаңызды үнемдеп әрі табиғатқа қамқор болғыңыз келсе, фильтрлі бөтелке сатып алыңыз. Ішінде су тазартатын фильтрі бар бөтелкелерге крандағы судың өзін алаңсыз құйып алуға болады. Мұндай бөтелкелер тауға, хайкинг пен кэмпинг жорықтарға барған кезде де пайдалы. Тек бөтелке таңдағанда фильтрін мұқият зерттеп, сапасына мән беріңіз.

Таңғы ас қосылған қонақүй

Қонақүй, хостел, гестхаус таңдағанда, бөлме ақысына таңғы ас қосылған нұсқаларға назар аударыңыз. Бұл — күнделікті үш мезгіл тамақтың біріне ақша шығындамайсыз деген сөз. Оның үстіне, уақыт үнемдейді. Күнде бейтаныс қалада таңғы ас ішетін жер іздеп әуре болмайсыз. Ұйқыңыздан оянғанда, таңғы ас дайын тұрады. Көп жерде буфет стиліндегі ас мәзірі таңғы 6-7-де басталады. Ерте тұрып, таңғы астан кейін бірден қаланы аралап кетуге жақсы мүмкіндік. Ескерту: таңғы ас сапасы таңдаған жеріңізге, бағасына байланысты әртүрлі болады. Ең дұрысы, қонақүй броньдамай тұрып, пікірлерді оқып, таңғы ас жайлы ақпарат алыңыз. 

Туристік орындардан тамақ ішпеңіз

Әдетте туристер көп жүретін орындарда баға 4-5 есе қымбат болады. Сондықтан мұндай орталықтан 4-5 көше ұзап көріңіз. Мәзір мен бағадағы өзгерістерді бірден байқайсыз. Оның үстіне, көп туристік орындар жергілікті тағамдарға қарағанда, бәріне үйреншікті батыс мәзіріне баса мән береді. Сондықтан, мәселен, ең дәмді индонезиялық кеспені аралдағы алдынан кезек үзілмейтін мейрамханалардан емес, қарапайым warung асханаларынан табасыз (бағасы 2-3 доллар ғана). Италияда да дұрыс дайындалған, римдіктер сүйіп жейтін пастаны туристер сағаттап кезек күтетін орындарда емес, елеусіз жергілікті дәмханаларда сатады. 

Көше тағамдары

Көше тағамдары Азия мен Латын Америкасында танымал болғанымен, қазір мұндай дүңгіршектерді кез келген елден табуға болады. Қытай кеспесі, қуырылған банан, дәмді бәліш, теңіз өнімдері, жаңа піскен құймақ, туралған жемістер, отқа қақталған шұжық — street food tour жасасаңыз, кез келген талғамға тамақ табылады. Барған еліңізде міндетті түрде қандай көше тағамдары барын біліп алыңыз. Бұл кәдімгідей ақша үнемдейді әрі ұмытылмас естелік болып қалады. Мәселен, Түркияда тек кумпир (піскен картоп арасына әртүрлі дәм салып беретін көше тағамы) сататын алаңда болу немесе өте қымбат Сингапурде атақты түнгі базардан ап-арзан теңіз өнімдерін жеу нағыз колоритке толы тәжірибе.

Әуежай мен ұшаққа тамақ алып шығу

Әуежайда кез келген тауар мен қызмет түрі қаламен салыстырғанда біршама қымбат болады. Ақша үнемдегіңіз келсе, әуежайда немесе ұшақта (билет бағасына тамақ қосылмаған лоукостермен ұшсаңыз) жеуге тамақ пен тіскебасар ала шығыңыз. Бастысы, тамақ сапалы ыдыста, дұрыс қапталған болуы керек. Әуежайдағы тексеріс кезінде 100 мл артық сұйықтық өткізбейді, сондықтан сусын мен шайды сол жақтан сатып аласыз. Өзіңізбен термос немесе бөтелке алып жүрсеңіз, көп әуежайда салқын және ыстық су құйып алатын тегін аппараттар болады. 

Жергілікті тұрғындардан сұраңыз

Жергілікті халықтан «Қайда тамақ ішсем болады?» деп емес, «Сіз қай жақтан тамақ ішесіз?» деп сұрау керек. Өйткені бірінші сұраққа жауап іздегенде, жергілікті тұрғындар туристер арасында танымал орындарды ғана тізіп шығуы мүмкін. Ал олардың өз қаласындағы сүйікті орындары жайлы сұрасаңыз, туристік нұсқаулықтарда жазылмаған, тек жергілікті халық ғана білетін, өте дәмді және арзан жерлерге тап боласыз.

Дүкендер мен базарларға соғыңыз

Қай елге барсаңыз да, супермаркеттер мен базарларды айналып өтпеңіз. Азияда 7/11 дүкендер желісінен жүрек жалғайтын өте көп нәрсе табуға болады. Дубайда Carefour, Lululemon, Kinneys сияқты үлкен дүкендерде дайын тамақ, салат, ыстық бәліштер сатылады. Таяу Шығыс, Азия мен Африка базарлары қай уақытта барсаңыз да, аш қалдырмайды.

Арасында өзіңіз тамақ жасаңыз

Booking, Agoda немесе Airbnb арқылы тұратын жер броньдағанда асүйі мен ыдыстары бар орын таңдауға болады. Сонда жергілікті базар немесе дүкеннен азық-түлік сатып алып, үйде тамақ жасай аласыз. Қаланы аралауға шыққанда, қолдан сэндвичтер дайындап, алып кетуге болады. Бұл бір жағынан, ақша үнемдейді. Екінші жағынан, өз талғамыңызға сай сапалы тамақтануға көмектеседі. Оған қоса, балалармен саяхаттағанда, уланып қалады немесе үйреншікті тамақ табылмайды деп қорықпайсыз.

Пайдалы қосымшалар

Еттің халал екеніне күмәндансаңыз немесе веган болсаңыз, Happy cow қосымшасын жүктеп алыңыз. Бұл қосымшадан кез келген елдегі вегетариандық мейрамханалар тізімін табасыз.

Too good to go — мейрамханалар, наубайханалар мен дүкендерде күнделікті артылған тамақты 70 пайызға дейін жеңілдікпен сататын қосымша. Бұл — тамақты шамадан тыс қоқысқа тастауды азайтуға бағытталған әлеуметтік және экологиялық жоба. 

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Eatigo қосымшасын пайдалануға болады. Бұл қосымша мейрамханаларға әртүрлі жеңілдік береді. Мәселен, түскі уақытта мейрамханаларда бос орын болмаса, сізге 1-2 сағат кешірек дәл сол тағамды 50 пайыз жеңілдікпен беруі мүмкін. Eatigo арқылы баратын еліңіздегі мейрамханадан орынды бір ай бұрын да броньдай аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз