Алматы маңында жер сілкінісі тіркелді

2025 жылғы 28 наурызда, сағат 03:42-де Алматы маңында жер сілкінісі тіркелді.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Алматы қаласынан 323 шақырым оңтүстік-батыс бағытта, Қазақстан аумағында орналасқан.
Жамбыл облысының Тараз және Шу қалаларында дүмпу күші 2 балды құраса, Меркі ауылында – 5 балл, Кұланда – 4 балға жеткен.
Алматы қаласының сейсмологтары мегаполисте жер сілкінісі сезілмегенін нақтылады.
Қырғызстанның сейсмология сайттарының деректеріне сәйкес, Бішкек қаласында жер сілкінісінің магнитудасы 5,5-ті құрады. Дүмпулер бірнеше секундқа созылып, әсіресе, көпқабатты үйлерде қабырғалар мен жиһаздардың сәл дірілдеуі түрінде сезілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында үш балдық жер сілкінісі тіркелген еді.