29 наурызда жартылай күн тұтылады

Сенбі, 29 наурызда Еуропа, Батыс Африка, Солтүстік Азия, АҚШ-тың солтүстік-шығысы мен Канада тұрғындары жартылай күн тұтылуын көре алады.
Жартылай күн тұтылуы кезінде айдың көлеңкесі күнді жартылай ғана жауып, ол жарты ай пішінінде көрінеді.
Солтүстік және Оңтүстік Американың басым бөлігінде тұтылу таң ата болса, Батыс Еуропа мен Африкада — таңертең көрінеді. Ал Шығыс Еуропа мен Солтүстік Азияда — түстен кейін болады.
«Тұтылулар – бұл Күн мен Айдың және Жер көлеңкесі мен жарықтың ойыны ғана», – деп түсіндіреді Монреаль планетарийінің маманы Ауриан Эгал.
NASA мәліметінше, Күн мен Ай тұтылуы жылына төрт-бес рет, кейде жеті рет болуы мүмкін. Айдың Жерге қатысты орбитасының қисаюына байланысты бұл табиғи құбылыстар әдетте жұп болып келеді. Мысалы, наурыз айының ортасында Айдың толық тұтылуы Айды қызыл түске бояған еді.
Айта кетейік, 23 наурыз, жексенбі күні таңертең Күн бетінде М класты қуатты жарқыл тіркелген болатын. Ғалымдардың айтуынша, Күн алаулары рентген сәулеленуінің қуатына қарай A, B, C, M және X класына бөлінеді. Ең төменгі A0.0 класы Жер орбитасындағы 1 шаршы метрге 10 нВт сәулелену қуатына тең. Әр келесі әріптік класқа өткен сайын бұл қуат 10 есе артады.