Бангкокта 30 қабаттық ғимарат құлап, ондаған адам үйінді астында қалды – фоторепортаж

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бангкокта жаңадан салынып жатқан көп қабатты үй құлады / фото: REUTERS/Ann Wang

28 наурызда Оңтүстік-Шығыс Азияда ірі жер сілкінісі болды. Оны Мьянма, Таиланд және Қытайдың оңтүстігіндегі тұрғындар сезді. Бангкок қаласында 30 қабаттық ғимарат құлады.

Дүмпу ошағы Мьянмада тіркелді. Алғашқы дүмпу магнитудасы 7,7 балл болды. Ол Сикайн қаласынан 16 км жерде, 10 км тереңдікте тіркелді.

Бірнеше минуттан соң жер тағы да сілкінді. Бұл жолы оның магнитудасы 6,9 балл болды.

Таиланд астанасында құлаған көп қабатты үйде жұмысшыларды құтқару жұмыстары жүріп жатыр / фото: REUTERS/Ann Wang

Жер сілкінісі салдарынан Таиланд астанасында жаңадан салынып жатқан 30 қабаттық тұрғын үй құлап түсті. 300 жұмысшының тағдыры әзірге белгісіз. Мәліметтерге қарағанда, құрылыста кем дегенде бір адам қаза тапқан, тағы 43 адам із-түссіз жоғалған.

Үйінді астында ондаған адам қалған болуы мүмкін / фото: REUTERS/Ann Wang

Билік елдегі әуежайлар жұмысын шектеп, Бангкокта төтенше жағдай жариялады. Халық жер сілкінісі тағы қайталана ма деп қауіптенеді. Сол себепті олар үйге кірмей жүр.

Бангкокта жұрттың бәрі көшеде жүр / фото: REUTERS/Athit Perawongmetha

Таиланд астанасында басқа да ірі ғимараттарға зақым келгені анықталып жатыр. Табиғат апаты шығыны әзірге белгісіз.

Таиланд астанасында басқа да ірі ғимараттар зақымданды / фото: REUTERS/Athit Perawongmetha

Жұма күні Бангкокта мекемелердің дені жұмысты тоқтатты. Таиланд қаржы нарығы да сауданы тоқтатуға мәжбүр болды.

Таиланд қаржы нарығы жер сілкінісіне байланысты сауданы тоқтатты / фото: REUTERS/Cherng Kerk Chon

Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызға қараған түні Қазақстанның оңтүстігінде де жер сілкінісі болған.

Сондай-ақ оқыңыз