«ҚазМұнайГаз» мұнай өңдеу зауытының жеке қолға өту мүмкіндігін растады

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай өңдеу зауытының үлесі жеке қолға, мәселен Ресейдің «Татнефть» компаниясына өтуі мүмкін екенін растады.
ҚМГ-ның хабарлауынша, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы. Ұлттық компания жекешелендіру ісі бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін ескертті.
Сонымен бірге ҚМГ мәліметінен мұнай өңдеу зауыттарының бірінің үлесі Ресейдің «Татнефть» компаниясына өтуі мүмкін екені белгілі болды.
«ҚМГ елімізде мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып, барлық өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашық компания екені белгілі. Осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде «Татнефть» ЖАҚ қарастырылып отыр», – деп хабарлайды ұлттық компания.
Мәліметке қарағанда, «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» компаниялары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның мұнай-химия шикізаты базасында құны жоғары өнім шығаруды ұйымдастыру бағытында үнемі тәжірибе алмасады.
«Татнефть» «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің өндірістік қызметімен тікелей байланысты жаңа мұнай химиясы жобаларына, атап айтқанда терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат (ТФК және ПЭТФ) өндірісіне инвестиция құюға қызығушылық танытты», – деп хабарлайды ҚМГ.
ҚМГ мәліметінше, елдегі үш мұнай өңдеу зауытының өндірістік көрсеткіштері жақсы. Зауыттарда былтыр 17,44 миллион тонна мұнай өңделген.
Айта кетерлік жайт, «Татнефть» компаниясының Қазақстанда бұдан басқа да активтері бар. Мәселен, былтыр ол Karaton Operating Ltd компаниясының 50% акциясын сатып алған. Бұған қоса, Бутадиен жобасы да осы компанияға берілді. Сонымен бірге «Татнефть» Қазақстанда Attar брендімен шина өндіріп жатыр.