Көз тиюді түкіріп жазуға бола ма? ҚМДБ пікір білдірді

Жарияланды 28 Наурыз 2025 15:41

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Көз тиюді түкіріп жазу исламда жоқ./shutterstock
Көз тиюді түкіріп жазуға исламда қарсылық жоқ/shutterstock

Көз тиюді түкіріп жазуға болады деп көп адамның сенетіні құпия емес. Көп ата-ана нәрестесі ызбайланса, түкіртетін адам іздей бастайды.

Дәрігерге жүгінудің орнына дереу «түкіріп беретін апа-аталарды білесің бе» деп таныстарынан сұрайды. Бұл ежелден келе жатқан наным-сенімнің бірі ме, әлде ғылымға әлі беймәлім құбылыс па?

Түкіріп жаза алатын адамдар

Көз тиюді түкіріп жазуға болады деп сенетіндер, әсіресе, оңтүстік өңірде көп кездеседі. Сондықтан мұндай «ерекше қабілетке ие» адамдардың да қарасы аз емес. Әр ауылда, әр қалада бар. Олар бұл қасиеттің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқанына сенеді.

«Кішкентай бала мазасызданып, ауырып тұрса, түкіріп, көмектескім келеді. Бірақ өзіме баруға болмайды. Шарты сол. Онда ем қонбайды. Баланың ата-анасы өз аяғымен алдыма әкелуі тиіс. Сонда ауырып тұрған бала лезде жазылып кетеді», – дейді Айымгүл Сабыр.

Оның сөзінше, мұндай қасиет қанмен беріледі.

Сенбегенді иландырған оқиға

Оңтүстік тұрғыны Мәди Жарылқап ырым-нанымдарға мүлде сенбейді. Бірақ бір нәрсені түсінбей әлек болып жүргенін айтады.

«Анамның көз тиген жас балаларға түкіріп жүретінін білемін. Бірақ өз басым түкіріп, жазуға болады дегенге мысқылмен қарайтынмын. Бір күні тұңғышым таңға дейін ұйықтамай, жылап шықты. Анам ертесіне: «Неге маған әкелмедің? Түкіріп беретін едім ғой», – деп реніш білдірді. Ертеңіне түнде қызым тағы да мазасызданып жылай бастады. Анамның көңіліне бола, келіншегімді жұмсадым», – дейді ол.

Бір қызығы, әжесі түкірген соң, бір-екі минуттан соң қиналып жатқан сәби сап тыйылып, балдырап ұйқыға кеткен. Содан кейін нәресте түнімен жылауды мүлде доғарған.

«Бұл сәйкестік пе, әлде анамның шынымен бір қасиеті бар ма? Соның ара-жігін өзім де ажырата алмай, илана бастадым», – дейді Мәди Жарылқап.

Бұл Исламға қайшы ма?

Жалпы, Ислам діні «көз тию» бар деп біледі. «Көз тиюдің бар екені ақиқат»,– деген хадис бар.

«Тіл-көзден сақтану үшін алдымен адамның рухани күші берік болу керек. Ол үшін Ұлы Алла Тағалаға сыйыну, ішкі қарсылық күшті арттырудың маңызы зор», – делінген Мүфтияттың ресми сайтында.

Діни басқарманың мәліметінше, тіл-көзден сақтанудың бірден-бір амалы – «Қалам» сүресінің 51-52 аяттарын, «Фатиха», «Аятул-курси», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін үнемі оқып жүру.

Өйткені бұлар көлденең қауіп-қатерлерден сақтайды. Сонымен қатар Алланың 99 есімін, Алланың аты көрсетілген аяттарды оқу қажет. Аллаға шүкіршілік айту да тіл-көзден қорғайды. Дем салудың да маңызы зор.

Түкіру туралы не дейді?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа маманы Байділдаев Ерғали көз тиюді түкіріп жазу дінге қайшы келмейтінін алға тартып отыр.

«Шариғатымызда көз тигенде, сиқыр жасалғанда, жын тигенде, қорыққанда, бір нәрседен шошынғанда, ауырғанда, ақыл-есінен ауысқанда, басқа да себептермен дем салуға, үшкіруге рұқсат берілген. Сиқыр жасау, көз тию, жын тию – ақиқат. Ол жайында Құранда да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де баяндалған. Құран аяттары және дұғалармен дем салу – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті әрі үмбетіне үйретіп кеткен амалының бірі», – дейді ҚМДБ өкілі.

ҚМДБ неге қарсы?

Оның пікірінше, белгілі бір дертке душар болған адам шамасы келсе, өз-өзіне дем салуға болады. Ал шамасы келмесе дем сала алатын адамға жүгінудің оқасы жоқ.

Десе де, шариғат көзмоншақ тағуды құптамайды.

«Көз тимесін деп көзмоншақ тағу дұрыс емес. Көз тиюден, жоғарыда айтқанымыздай, өзімізге дем салып немесе өзгеге дем салдыру арқылы сақтанған жөн», – дейді Байділдаев Ерғали.

Мұның алдында адамның қуатын толықтыру мәселесі туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз