Елімізде бір жылда 41 мыңнан аса адамнан қатерлі ісік анықталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Онкология
Онкологияға шалдыққандар шетел медицинасына жүгінуді азайтқан /фото: shutterstock

Елімізде бір жылда 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісікпен сырқаттану 100 мың адамға шаққанда 205,1-ді құрады, алғаш тіркелген жағдай – 41 318. 2023 жылы 41 519 жағдай тіркелді», – деп жауап берді министрлік.

Ел бойынша 230 мыңнан аса адам онкологиялық аурумен ауырады. 2023 жылы бұл 218 186 науқасты көрсеткен. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 5,9%-ды құрады.

Онкологияның қай түрі жиі кездеседі?

Қатерлі ісік түрлеріне келсек, Қазақстанда бірінші орында сүт безі обыры тұр. Жалпы науқастардың 13,7%-ы сүт безі обырына шалдыққан. Бұл – 5 652 адам.

Екінші орында колоректалды обыр тұр. Бұл жалпы науқастардың 9,8%-ын құрайды. Қатерлік ісіктің бұл түріне 4 029 адам шалдыққан.

Үшінші орында өкпе обыры тұр – 9,3% немесе 3 833 науқас.

Төртінші орында асқазан обыры тұр. Қатерлі ісіктің бұл түрімен науқастардың 7,0%-ы ауырады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша есепте 2 907 адам тұр.

Бесінші орында жатыр мойны обыры тұр – 4,7%. Қазірге дейін 1 921 науқас есепке алынған.

Скрининг қалай жүргізіледі?

2024 жылы елімізде 2,8 млн адам қатерлі ісіктің алдын алуға арналған скринингтен өткен. Жатыр мойны обырының скринингінен 795 387 әйел өтіп, 60 200 әйелден жатыр мойнының әртүрлі патологиясы анықталған.

Сүт безі обырының скринингі бойынша 940 502 әйел тексерілген, 184 709 әйелден сүт безінің әртүрлі патологиясы анықталды.

Колоректалды обырдың бар-жоғын 1 073 105 ер мен әйел тексерткен. Тоқ ішектің әртүрлі патологиясы 9 828 адамнан табылды.

Министрліктен жыл сайын қанша адамның шетел медицинасына жүгінетінін де нақтыладық. Ресми дерек бойынша, 2024 жылы 138 пациент шетелге емделуге шыққан, ол 2023 жылмен салыстырғанда 26%-ға төмен. Ол жылы 186 пациент шетел дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.

Сондай-ақ оқыңыз