
Қостанай қаласындағы өндіріс аймағында салынып жатқан KIA автокөлік өндіру зауыты 2025 жылғы қазанда іске қосылады.
Үкіметтің мәліметінше, инвестор жобаға 90 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұған қоса, билік өндіріс аймағының инфрақұрылымын дамытуға 6,5 млрд теңгеден аса қаржы аударды. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
«6 млрд 560 млн теңге көлеміндегі қаражат Қостанай қаласындағы индустриялық аймақта KIA автокөлігін өндіретін зауытқа кірме жолдары мен 3-ші санаттағы теміржолдарды салуға бағытталады», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Зауыт бір жылда шамамен 70 мың автокөлік құрастырады.
Қазір зауытты 500-ден аса адам салып жатыр. Жоба аясында барлығы 1,5 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Бұған қоса, Үкімет жаңа автозауыттың қашан ашылатынын да хабарлады.
«Зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын аймақ пен еліміздің дамуына үлкен серпін береді».
Қазір Қостанай қаласының өндіріс аймағында 5 жоба істейді. Тағы 9 жоба пысықталып жатыр.
Қазақстан нарығына арналған KIA автокөліктері енді қазақша сөйлейтіні мәлім болды. Бұл туралы Kia брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы – Allur Motor Qazaqstan хабарлады.
Бұған дейін Қытайдың BYD автоимпериясы көлікті Қазақстанның өзінде құрастырған жөн деп шешкен.