Тоқаев Досаевқа Алматы экологиясын жақсартуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әкім Алматы қаласында қаңтар-ақпан айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 7%-ға артқанын айтқан. Сонымен бірге жыл қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көрсеткіші 6,4%-ға өседі деп болжанады.
«Жыл соңына дейін құны 450 млрд теңгеден астам қаражатқа 33 жаңа инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артады», – деді Досаев.
Әкім биылдан бастап, аулалар, көше-жол желілері мен жасыл аймақтарды кешенді түрде күтіп, баптау үшін үш жылдық келісімшарт тәсілі енгізілгенін айтқан.
Сонымен бірге президенттің қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмаларының қаншалықты орындалғаны жөнінде баяндаған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевқа жаңа тапсырмалар жүктеген. Атап айтқанда, экология мәселесіне ден қойып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жыл соңына дейін сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етуді тапсырған.