Ерлан Қожағапанов ісі: адвокат кей құжатты дәлел ретінде танымауды сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қожағапанов
Ерлан Қожағапановтан сотта жауап алынып жатыр/коллаж kursiv.media

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс жалғасып жатыр. Ол «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

Бұған дейін 2025 жылдың 27 наурызында істі қарап жатқан судья Қанат Тобағалиұлы сотталушыға жауап алуға толыққанды дайындалу үшін уақыт берген деп хабарлайды Kursiv.Media.

2025 жылдың 2 сәуірінде өтіп жатқан сот отырысында Ерлан Қожағапановтың адвокаты Болат Челикенов іс бойынша өтінішхат жолдады. Ол қылмыстық-процестік кодекс талаптары бұзылғанына сүйеніп, кей құжатты іс бойынша дәлел деп танымауды сұрады.

«Сот процесі барысында Damu аудиторлық компаниясының өкілін тыңдадық. Ол кісі қылмыстық қудалау органдары құжат ұсынғанын айтты. Айыптауға ол да негіз болып отыр. (…) Іс құжаттарындағы дискті зерттеу барысында мәліметтер 2023 жылдың 20 шілдесі мен 2023 жылдың 7 қазанында құрылғаны белгілі болды. Яғни мәліметтер қылмыстық іс қозғалмастан бұрын алынған. Бұл құжаттар тергеушінің қолына қалай тигені бізге белгісіз. Қылмыстық-процесуалдық заңға сәйкес құжаттарды дәлел деп тану үшін оның шынайы құжат екеніне көз жеткізуіміз керек. Бұл талап орындалмағандықтан, бұл дискінің қайдан шыққаны белгісіз болса, оның ішіндегі мәліметтің шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды», – деді адвокат.

Өтінішхат мазмұнында аудитор берген қорытындыны негізсіз деп тану ұсынылған. Адвокат оған Қылмыстық-процестік кодексiнің 254-бабы 1-бөлігі талаптары (Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi) сақталмағаны себеп бола алатынын айтады.

Бұл заңда тінту мен алуды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәжді қаулы бойынша жүргізетіні көрсетілген. Тінту жүргізу туралы, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды, заттарды, олардың ішіндегі ақпаратты алу туралы қаулыны тергеу судьясы санкциялауға тиіс. 

Ал қылмыстық-процестік кодекстің 112-бабы 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлел ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды.

Осыған байланысты адвокат Челикенов іс материалдарынан компанияның банк мәліметтері көрсетілген дискіні және Damu компаниясы маманы берген қорытындыны дәлел ретінде танымауды сұрады.

Қожағапановтың екінші адвокаты Нұрлан Бейсекеев те бұған дейін Жоғарғы сот алқасы басқа қылмыстық іс аясында шығарған шешімге сүйеніп пікір білдірді.

«Күні кеше Жоғарғы сот ресми парақшасында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы жарияланды. Сот алқасы ол жерде қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі (ерекше ірі мөлшерде психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша сотталған азаматты ақтады. Бұған не себеп болды? Сотталушыны көшеде полиция ұстаған, қалтасынан екі пакеттегі зат табылған. Ол химиялық зат болып шыққан. Жоғарғы сот азаматты тінту тергеу сотының санкциясы болмай жүргізілгеніне сүйеніп, алғашқы екі инстанцияда шыққан үкімнің күшін жойды. Себебі тінтуге рұқсат болмаған кезде табылған заттар дәлел ретінде қабылданбайды. Азамат кінәсіз деп танылды», – деді Бейсекеев.

Жоғарғы сот ақтаған азаматқа қатысты іс туралы мына жерден толығырақ оқуға болады.

Ерлан Қожағапанов ісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.

Іс бойынша екі сотталушы бар. Бірі – бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов. Ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.

Екінші сотталушы – Ләззат Көккөзова. Ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. 

2025 жылдың 26 наурызында «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова сотта жауап берді

27 наурызда Ерлан Қожағапанов қылмыстық іске қатысты өз ұстанымын айтты. Қожағапановтың айтуынша, дау шыққан іс-шара – Нұрсұлтан Назарбаев президент ретінде қатысқан соңғы форум. 

Сондай-ақ оқыңыз