Цифрлық даму министрлігі 46,5 млрд теңгені қайда жұмсады?

Мәжіліс отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның Цифрлық даму министрлігіне қарасты жобаларды тексеруі туралы мәселені көтерді.
Депутат Еркін Әбілдің сөзінше, тексеріс кезінде «Инновациялық технологиялар паркі» 46,5 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын, стартаптарға күмәнді инвестициялар салғаны анықталған. Сондай-ақ технологиялар паркі мен Астана Hub-тың қосылуына қатысты сұрақ қойды.
«Өткен айда Жоғары аудиторлық палата цифрландыру бағдарламаларына аудит жүргізді. Ол инновациялық технологиялар паркіне де қатысты. Автономды кластерлік қордың жұмысында ірі қаржылай қателіктер анықталды. Нақты айтқанда, 46,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалған, стартаптарға күмәнді инвестициялар салынған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелі құрастыру жұмыстарына бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған. Осыған байланысты автономды кластерлік қорды жою мәселесі қаралып жатыр. Егер қор Астана Hub-қа қосылып, толығымен жойылса, онда шығындарды кім қайтарады, тергеуді кім жүргізеді», – деп сұрады ол министрден.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Автономды кластерлік қор «Инновациялық технологиялар паркі» мен Астана Hub-ты біріктіру туралы шешім 2023 жылы қабылданған. Бірақ қордың 46,5 млрд теңгені тиімсіз жұмсады дегені шындыққа жанаспайды.
» Сіз айтып отырған 46,5 млрд теңгені соманы мен екіге бөлгім келеді. 41 млрд теңге – 2015-2024 жылдар аралығында бөлінген қаржы. Келісім бойынша барлық жұмыстар орындалған. Ол біржерге жоғалып кеткен ақша емес. Ал 46,5 млрд теңгенің екінші бөлігі, 5 млрд теңге, ол трансұлттық компанияларды тарту үшін технологиялық орталық құру және стартап-жобаларға қатысты еді», – деп түсіндірді министр.
Бірақ Жоғары аудиторлық палатаның берген ұсынымдары бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ал кейбір материалдарды «келесі процессуалдық шешімдер үшін» құзырлы органдарға жіберген.
Депутат айтып отырған тексерісті жыл басында Жоғары аудиторлық палата жүргізген . Аудит қорытындысы бойынша, 1,1 млрд теңге көлемінде аржылық заңбұзушылықтар және 46,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Мәселен, 2016-2017 жылдары 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қорды құруға 4,9 млрд теңге бөлінген. Алайда олардың үшеуі тиімсіз жұмыс істесе, екеуінде перспективалық даму жоспары болмаған.