Toyota батарея шығаратын зауыттың құрылысын кейінге шегерді: мұның сыры неде?

Жарияланды 7 Сәуір 2025 08:02

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Toyota қиындықтарға тап болды ма?
Toyota қиындықтарға тап болды ма? / Фото: toyotakz.com, бильд-редактор: Милош Муратовский

Toyota Жапонияда жаңа батарея зауытының құрылысын кейінге қалдырды. Бұл қадам компанияның электрокөліктер нарығындағы өзгерістерге бейімделуінің бір бөлігі. Nikkei Asia басылымының мәліметінше, автоконцерн Фукуока префектурасының билігімен зауыт орнын талқылау келіссөздерін алты айға шегерді. Бастапқыда бұл мәселе 2025 жылдың сәуір айында қаралуы керек еді, бірақ енді талқылау күзде өтеді.

Дегенмен бұл жаңалық өндіруші жобадан толық бас тартты дегенді білдірмейді. Toyota нарықтағы өзгерістерге байланысты зауыттың өндірістік жоспарын қайта қарастыруы мүмкін.

Toyota неге стратегиясын өзгертті?

Соңғы жылдары Toyota электрокөліктер бағытын қарқынды дамытып, 2030 жылға қарай жылына 1,6 млн электромобиль сатуды жоспарлаған. Алайда 2023 жылы болжам 1 млн-ға, ал кейін 800 мыңға дейін азайды. Бұған басты себеп – әлемдік нарықта электрокөліктерге сұраныстың азаюы.

Өзгерістер тек Жапониядағы зауыттың құрылыс мерзіміне ғана емес, сонымен қатар басқа елдердегі өндірістік жоспарларға да әсер етті. Мысалы, Toyota АҚШ-тың Кентукки штатындағы зауытында электрлік кроссовер шығару мерзімін 2025 жылдан 2026 жылдың ортасына шегерді.

Жаһандық трендтер: электромобильдерге сұраныс неге азайды?

Электр көліктеріне қызығушылықтың төмендеуінің бірнеше негізгі себептері бар:

  • Біріншісі, электр қуатының қымбаттауы. Кейбір елдерде электрокөлікті қуаттау бензинмен жүруден қымбатырақ болып барады.
  • Екіншіден, инфрақұрылымның дамымауы немесе жеткіліксіздігі. Жаңа қуаттау станцияларының тапшылығы электромобильдерге деген сұранысты төмендете бастады.
  • Үшіншіден, мемлекеттік қолдаудың қысқаруы. Көптеген елде электрокөліктерді сатып алу үшін берілетін субсидиялар азайды.
  • Төртіншіден, жаңа технологияларды күту. Тұтынушылар алдағы жылдары жетілдірілген аккумуляторлары бар жаңа модельдер шығатынын біліп, қымбат электромобильдерді сатып алуды кейінге қалдыруда. Toyota да осы факторларға байланысты стратегиясын түзетуге мәжбүр болды.

Зауыттың болашағы және Toyota-ның даму жоспарлары

Бастапқы жоспар бойынша Жапониядағы жаңа зауыт 2028 жылы жұмысын бастау керек еді. Онда бір қуаттап алын 1000 шақырым қашықтықты жүріп өтетін жаңа буын аккумуляторлары шығарылуы керек болатын. Алайда Toyota нарықтағы жағдайға байланысты өндіріс жоспарын қайта қарастыруы мүмкін.

Компания электромобильдер технологиясына инвестиция салуды жалғастыруда. 2023 жылы Toyota қатты (solid-state) аккумуляторларды жасауға кірісті. Бұл батареялар жылдам қуатталу және ұзақ қызмет ету мерзімі сияқты артықшылықтарымен ерекшеленеді.

Toyota-ның балама стратегиясы: гибридтер мен сутегі технологиясына басымдық

Toyota электромобильдерге байланысты жоспарларын өзгертсе де, гибридті және сутегімен жүретін көліктерді дамытуға ерекше назар аударуда.

Мәселен, гибридті көліктерге келсек. Гибридтерге сұраныс тұрақты жоғары деңгейде қалып отыр, ал кейбір елдерде олар электромобильдерден де танымал. 2023 жылы компанияның гибридті модельдер өндірісін ұлғайта түскені тағы бар.

Ал сутегі технологиясы қалай дамуда? Компания сутегі қозғалтқыштары мен отын элементтерін дамытуды жалғастыруда. 2023 жылы Toyota жаңа сутегімен жүретін көлік шығару туралы жоспарын жариялады. 2025 ақпанда Фукусима префектурасында био-отын зауыты ашылды. Осы нысанға қатысты 2022 жылы құрылған зерттеу қауымдастығы мүшелері қатарында Toyota, Suzuki Motor, Subaru, Daihatsu Motor, Mazda Motor, Toyota-ға қарасты Toyota Tsusho сауда үйі және мұнай компаниясы Eneos бар. 

Қытайлық автоөндірушілермен бәсеке

Toyota-ның шешіміне әсер еткен тағы бір маңызды фактор – Қытайлық автоөндірушілердің күшеюі. BYD және басқа да қытайлық компаниялар арзанырақ әрі бәсекеге қабілетті электромобильдерді ұсынып жатыр.

Бәсекеге төтеп беру үшін Toyota бағаны төмендету немесе гибридті және сутегі технологиясына көбірек көңіл бөлу сияқты түрлі стратегияларды қарастырады.

Қаржылық жағынан қарастырсақ: 

  • Электромобильдерге инвестиция ретін миллиардтаған доллар салынбақ. Toyota құрылысқа үлкен қаражат салмас бұрын, нарықтағы жағдайдың тұрақтануын күтпек.
  • Ресурстарды қайта бөлу. Компания қаржыны аккумуляторларды, гибридті және сутегі көліктерін дамытуға бағыттауы ықтимал.

Осылайша Toyota электрокөліктерден бас тартпайды, бірақ өз стратегиясын нарыққа бейімдеуде. Компания қазіргі сұранысты ескере отырып, гибридті және сутегімен жүретін көліктерге көбірек назар аударады. 

Жапониядағы зауыт құрылысының кешіктірілуі – бұл өндірушінің салмақты және икемді стратегиясының бір бөлігі. Компания маңызды қаржылық шешімдерді асықпай қабылдап, нақты нарықтық жағдайға сәйкес әрекет етуді жөн көрсе керек.

Бұған дейін жапондық компания Еуропа нарығына шығарылатын электрокардың сұлбасын жариялап, дүйім жұрт назарына ұсынды. Алайда көліктің техникалық сипаттамасы әлі белгісіз. 

Сондай-ақ оқыңыз