Ұшақта бортсерік пен жолаушыны ұрып-соққан ер адамға шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Ұшақтағы бұзақылық
FlyArystan ұшағы бортында мас күйде бұзақылық жасаған ер адам 3 жылға сотталды/коллаж kursiv.media

Астана – Өскемен бағытындағы FlyArystan ұшағы бортында мас күйде бұзақылық жасаған ер адам 3 жылға сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Ер адамға үкім 2025 жылдың 20 ақпанында шыққан. Ол Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау), 293-бабының 2-бөлігі 4-тармағы (әуе кемесінің бортында бұзақылық жасау) бойынша кінәлі деп танылған. Сөйтіп 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бірінші сатыдағы сотта Т. ұшақ бортында бұзақылық жасап, қоғамдық тәртіпті ерекше өрескел бұзып, әуе кемесінің бортсерігіне күш көрсетіп, оны ұрып-соғып және жолаушының ескертуін елеместен, оны да ұрып-соғып, екі жәбірленушіге де дене жарақатын келтіргені анықталды.

Ер адамды рейстен қалдыру барысында ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаған.

Үкім шыққаннан кейін, ер адам үкімге апелляциялық шағым түсірген. Ол өзіне бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Істі қараған қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталғанға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, бұл жағдай 2025 жылдың 13 қаңтарында болған. Ер адам бортсерікке қол көтерген және бомба туралы жалған ақпарат таратқан. Содан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушы ұшақтан шығарылды. Тексеру барысында ақпарат расталмады. Сондай-ақ бортсеріктің жағдайын тексеруден  өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылған.

Сондай-ақ оқыңыз