Ғарышкерлер күні: Байқоңырдан басталған тарих және жаңа челленждер

Жарияланды 7 Сәуір 2025 15:28

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Ғарышкерлер күні: Байқоңырдан басталған тарих / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Ғарышкерлер күні: Байқоңырдан басталған тарих / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жыл сайын 12 сәуірде «Ғарышкерлер күні» тойланады. Бұл жай атаулы күн ғана емес, адамзат тарихындағы маңызды дата. Өйткені дәл осы күні ғылымға жаңаша жол ашылды. Осыдан 64 жыл бұрын Қазақстанның Байқоңырынан зымыран ұшырылып, Юрий Гагарин тарихта бірінші болып ғарышқа табан тіреген еді. Ол кезден бері талай нәрсе өзгерді. Қазір ұмтылыс Марсқа қарай бағытталып жатыр. Қазақстанның бұл жолда көздеген қандай мақсаттары бар? Осы туралы айтайық.

Айтқандай, 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин «Восток-1» әуе кемесімен Байқоңыр космодромынан ғарышқа аттанған еді. Сондықтан осы күн «Ғарышкерлер күні» ретінде тойланып келеді. «Байқоңыр» ғарыш айлағы — әлемдегі алғашқы әрі ең ірі космодром. Ол 1955 жылы салынған. Адамзат баласының ғарышқа сапары Байқоңырдан басталғанын да айттық. Ол кезде Қазақстан Совет одағының құрамында болған. Кейін егемендігін алған соң, Қазақстанның Байқоңырын Ресей федерациясы жалға алды. Мерзімі — 2050 жылға дейін.

Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан ғарышқа қатысты жобаларға қатысып қана қоймай, бастамашы болуға тырысып келеді. Қазіргі таңда еліміздің жеке жер серіктері бар. Атап айтқанда:

  • KazSat-1 (2006) — Қазақстанның алғашқы телекоммуникациялық жер серігі. Байқоңырдан ұшырылған. Бірақ 2008 жылдан кейін байланыс үзіліп қалған.
  • KazSat-2 (2011) мен KazSat-3 (2014) — бұл телекоммуникациялық желі теле, интернет және ел ішіндегі желі байланысын қамтамасыз етіп келеді.
  • 2023 жылы кибершабуылдарға мықтырақ төтеп беруге қауқарлы KazSat-Next деген жоба қолға алынатыны туралы хабарланды.

Қазақтан шыққан ғарышкерлер

АҚШ әуе-әскери күштерінің деректеріне сүйенсек, осы күнге дейін ғарышқа 725 адамның табаны тиген. Ал Халықаралық авиация федерациясының (FAI) мәліметтері бойынша 100 шақырым биіктікте ғарыш шекарасын 686 адам бағындырған. Міне, сол мамандардың ішінде қазақстандық үш ғарышкер бар. 

  • Тоқтар Әубәкіров — Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер. Ол 1991 жылы 2 сәуірде Совет одағының Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа аттануға дайындықты бастап, 2 қазан күні Байқоңырдан «Союз ТМ-13» әуе кемесімен ғарышқа аттанып, 10 қазанда Жерге қонған.  Оған Совет одағының батыры, ҚР Халық қаһарманы атақтары берілген. 
  • Талғат Мұсабаев — қазақтан шыққан  екінші ғарышкер. Ол ғарышқа үш рет ұшқан. 1994 жылы 1 маусым мен 4 қараша аралығында «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері болып аттанып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шыққан. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шыққан. ҚР Халық қаһарманы, РФ Батыры, авиация генерал-лейтенанты.  
  • Айдын Айымбетов — 2015 жылы«Союз ТМА-18М» әуе кемесінен ғарышқа аттанған үшінші қазақ ғарышкері. Бұл жолы қазақ ғарышкер Совет одағының емес, егемен елдің өкілі ретінде ұшты. Сапары 10 күнге созылып, сол жолда Айымбетов ғарыштағы бесінші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Бұған дейінгі 4 бағдарлама Әубәкіров пен Мұсабаевтың сапарларында атқарылған. 

Қазақстанның қандай жоспары бар?

  • Цифрлық Жер — ел аумағын ғарыштан бақылауға арналған бағдарлама (осылайша орман өрттерін қадағалаудан бастап егін өнімділігін бақылауға дейін көзделіп отыр).
  • STEM-білім беру — Назарбаев Университеті Astana Hub алаңдарында, және жалпы алғанда ғарыш технологияларына қатысты стартап көбейтіп, оқу бағдарламасы санын арттырмақ.
  • Наноспутниктерді ұшыру туралы жоспар — 2030 жылға қарай Қазақстан ғылыми және коммерциялық мақсаттарға арналған шағын спутниктер сериясын дамытуды көздеп отыр.

Еске сала кетсек, Ресей мен Қазақстан бірігіп, Байқоңырда 2025 жылы «Бәйтерек» жаңа ғарыш жобасын жүзеге асырады. Бұл жобаға Қазақстан тарапынан 233 млн доллар жұмсалмақ.  

Сондай-ақ оқыңыз