Ұлытаудағы марганец кен орнын заңсыз қазған кәсіпкер 3,5 млрд теңге пайда тапқан

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2 млрд теңге жымқырған
Ұлытау азаматы өңделген темір-марганец рудасын ел ішінде және Ресейге сатқан / Фото: kursiv.media архиві

Ұлытау облысында жер қойнауын заңсыз игеріп, 3,5 млрд теңге пайда тапқан кәсіпкер сотталды. Күдікті үш жыл бойы «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец рудасын заңсыз өндіріп келген.

Облыстағы ҚМА департаменті жергілікті тұрғынға қатысты жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылғанын хабарлады.

«Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец рудасын лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшарты жоқ болған күйде заңсыз өндірген. Нәтижесінде алынған руданың көлемі 16 мың тоннадан, ал мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асты», – делінген хабарламада.

Қылмыстық жолмен тапқан пайдасын заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасаған. Сондай-ақ бақылауындағы ЖШС арқылы өңделген темір-марганец рудасын ел ішінде және Ресейге сатқан. Осының нәтижесінде кәсіпкер 3,5 млрд теңгеден астам пайдаға кенелген.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ оның 97,8 млн теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде 5 автокөлік пен ауыл шаруашылығы қожалығы тәркіленді.

Ұлытау облысында бұған дейін де түрлі қылмыстардың жасалғаны әшкере болды. Жуырда Сәтбаев қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы басқа адамдармен сөз байласу арқылы 91 млн теңгеге жоқ ғимаратты сатып алғаны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз