Бір жарым жылда 60 кофехана жұмысын іске қосқан кәсіпкерден кеңес

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Асылжан Қази
EspressoDay кофехана желісінің негізін қалаушы Асылжан Қази жас кәсіпкерлерге кеңес берді/фото: @likossya

Нарықтағы бәсекелестікке қарамастан, кофехана кәсібін бастауға болады. Бастысы – тұтынушыны қызықтыру, азаматтардың үдесінен шығу. Бұл – EspressoDay кофехана желісінің негізін қалаушы Асылжан Қазидің пікірі. Ол бұл кәсіпті 2023 жылдың маусымында бастаған. Екі жылға жуық уақыт ішінде франшиза арқылы Қазақстан бойынша 60 жерде кофехана жұмысын іске қосқан. Kursiv.Media тілшісі кәсіпкермен әңгімелесіп, кофе кәсібін бастау, франшиза сату жөнінде білді.

Айтуынша, ел бойынша EspressoDay 60 жерден ашылған. Оның басым бөлігі елордада орналасқан.

«Астанада кофе кәсібі дамып жатқанының бірден-бір себебі – қаладағы құрылыс, салынып жатқан жаңа нысандар. Қала қарқынды дамып жатыр. Алматымен салыстырып қарайтын болсақ, елордада тұрғын үй көп салынады. Алматы аумағы үлкен, қала тұрғындарының саны көп болғанымен, ол жақта біздің кофейня салыстырмалы түрде аз. Бұл – бір.

Екіншіден, Алматыда кофеханалардың тарихы жоқ. Көп дегенде 4-5 жерде ғана орналасқан кофейнялар жұмыс істеп тұр. Бізде Астананың өзінде 50 кофехана бар. Қалада жаңадан салынған нысаннан бірінші болып кофехана ашуға тырысамыз. Қазірге дейін бір нысанды 18 күнде ашқан кез болды. Не себепті асығады деген сұрақ туындауы мүмкін. Біздің мақсат – жайлы локацияны алу, жұрт әрі-бері өтетін, қозғалыс жиі жерде орналасу», – дейді Асылжан Қази.

Кәсіпкер 2025 жылдың соңына дейін тағы 40 кофехана жұмысын іске қосып, жалпы санын жүзге жеткізгісі келеді. Қазірге дейін кофехана Алматы мен Астанадан бөлек Атырау, Атбасар, Екібастұз, Қарағанды, Өскемен, Ақтау, Атырау қаласында бар.

Асылжан Қазиден алғаш кәсіпті қай жылы бастағанын, қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін сұрадық.

«Ең алғашқы кәсібімді 2015 жылы 1,5 млн теңгемен бастадым. Жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істеп жүргенімде қосымша айналысып көрейін дедім. 2020 жылы жұмыстан шығып, 2 млн теңгеге CoffeeDay кофейнясын ашқанмын.

Ал 2023 жылы EspressoDay желісін ешқандай қаражат құймастан бірден франшиза сатудан бастадым. Себебі ол уақытқа дейін осы салада көпшілікке танылып үлгердім. Жаңа бренд деген кезде адамдар сеніп артып, бірлесе жұмыс істедік. Екі жобаның бір-бірінен айырмасы да бар. EspressoDay желісі бизнес-орталықтарда емес, бірден тұрғын үйлерде ашыла бастады. Бұл оңай емес, себебі адамдарды қызықтыру керек. Ал ол үшін маркетинг қажет. Себебі 2023 жылдың өзінде кофе нарығында негізгі «ойыншылардың» аты дүркіреп тұрды», – дейді ол.

Жаңа бренд бастау тиімді ме?

Кәсіпкер Асылжан Қази қазірдің өзінде жаңа бренд қалыптастыруға кеш емес екенін айтады.

«Жаңа бренд пайда болған кезде бұрыннан келе жатқан желі жұмысына әсер етуі мүмкін. Көлеңкесінде қалдыра алады деп айтуға болады. Ешқашан кеш емес. Қорқудың да қажеті жоқ. Мысал ретінде алсақ, Америка нарығында Blockbuster дәурені жүріп тұрған кезде Netflix пайда болды. Кейін пайда болғанына қарамастан, қазір Netflix нөмірі бірінші болып отыр. Себебі кәсіпкер сүйікті ісімен айналысса, нишасын дұрыс таңдай алса, кез келген уақытта бастауға болады. Бәсекелестіктің мәні неде? Тауар, затпен бәсекелес болудың қажеті жоқ, бұл істі кім көбірек сүйіп істейді деген бәсеке қажет», – дейді кәсіпкер.

Айтуынша, қазір франчайзинг желісінің ай сайынғы айналымы – 330 млн теңге. Жылдық айналым – 3,6 млрд теңге.

«Мұның бәрі франшиза алған серіктестерімізді қосқандағы айналым. Осы сомадан 3 пайыз салық төлейміз. Мұның бәрі ашық, жасырмаймыз. Таза табыс – айналымның 20-25%-ы. Нарықта айналымның 25%-дан жоғары бөлігі таза табыс болса, бұл тиімді кәсіп саналады. Мәселен, азық-түлік сататын дүкендерді алайық. Олардың таза табысы жалпы айналымның 5%-ы», – дейді Асылжан Қази.

Сондай-ақ оқыңыз