Банкроттық туралы заң шикі, кем-кетігі көп – заңгерлер

Алматыда заңгерлер мен құқыққорғаушылар қабылданғанына екі жылдан асқан «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңының төңірегінде баспасөз жиынын өткізді. Олар заңның кем-кетігі көп, ал оны қолдану тәжірибесі көңіл көншітпейтінін айтады.
Жиын модераторы «Азаматтық Қорғаныс» қоғамдық ұйымының заңгері Андрей Ушаковтың айтуынша, банкроттық жариялауға немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға барлық заңды негіз болғанымен, соттар азаматтарды бұл құқығынан айырып, талап-арыздарынан бас тартады. Кейде түрлі сылтаумен өтініштерін қабылдамайды.
Осыған ұқсас жағдайға тап болғандардың бірі Диана Миталипова банкроттық туралы заң жетілдірілмегенін, судьялар заңды қалай қолдану керегін білмейтінін айтады.
Сот оның атында баспана болғандықтан банкрот деп жариялаудан бас тартқан. Алайда Миталиева атындағы мүлік жалғыз баспанасы болғандықтан, басқа барар жері жоқ екенін айтып, соттың бұл ұйғарымы дұрыс емес деп санайды. Ол өзі де бұрынғы заңгер екенін атап өтіп, заңда шикі тұстар барына назар аударып, кей пункттер қайта зерделеніп, кей пункттер дұрыс түсіндірілуге тиіс деген пікірде.
Банкроттық жариялауға қол жеткізе алмай жүрген Яна Школяр болса, сот тегін шатастырып үйі бар деп шығарғанын, негізінде атында ешқандай үй жоқ екенін айтады.
«Атымда үйі бар деп шығарып тұр. Үйім жоқ екенін қарағысы келмейді. Ал шоттарым бұғатта болғандықтан, еш жер жұмысқа алмайды. Өйткені қазір көп жерде жұмысқа ресми тіркейді. Жұмысқа тұра алмаған соң, қарызымды төлей алмай жүрмін. Сотқа жүгінсем, қателік кеткен бе, «атыңа үй тіркелген» дейді. Үй жоқ екенін айтсам, қаперіне алмайды. Талап арызды қарауға құлықсыз, құжаттарымды кері қайтарады», – дейді ол.
Қарыз жүктемесін жеңілдетуге маманданған заңгер Лариса Бояр да заңның кемшіл, шикі, түсініксіз әрі бос тұстары көп екенін атап өтті.
«Заңда әрекеттер алгоритмі мүлде жоқ. Судьялар заңды қалай қолдануды білмейді. Білмеген соң талап арызды қарастырғысы келмейді. Қазір заңның кемшін тұстарын көрсетіп, түрлі органдар, депуттарға жүгініп жатырмыз. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деген үміттеміз», – дейді ол.
Заңгердің банкроттыққа өтінім түсіргісі келетін азаматтарға да айтары бар. Ол банкроттықты несиені кешіру, қарыздан құтылу ретінде қабылдамау керектігін, шешімге жауапкершілікпен, барлық салдарын түсіне отырып келуге шақырады.
«Банкроттық – жүк пен жауапкершілік. Мен кей клиенттеріме өтінімдерін қайтарып алуға үгіттеймін. Өйткені банкроттықтың салмақты салдары болады. Мәселен, банкроттық жарияланған тұлғалар несие ала алмайды. Үш жыл бойы ірі нәрсе сатып ала алмайды. Үнемі бақылауда, қадағалауда жүреді», – дейді ол.
Биыл жыл басынан бері үш айда 2 мың қазақстандық банкрот деп танылған.