«Костенко» ісі: жәбірленушінің бірі сотталушылардан 50 млн теңге өндіруді талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Костенко ісі
«Костенко» шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр/фото kursiv.media

Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот барысында жәбірленушінің бірі сотталушылардан 50 млн көлемінде моральдық шығын өндіруді талап етті, деп хабарлайды KursivMedia.

«Жәбірленуші Нұрсұлтан Сыздықовтан сотталушылардан 50 млн теңге сомасында моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап арыз түсті. Соған байланысты Сыздықов осы қылмыстық іс бойынша азаматтық талапкер болып танылады», – делінген істі қарап жатқан судья Бахтияр Ақановтың қаулысында.

Осы қаулы негізінде іс бойынша сотталушылар азаматтық жауапкер деп танылды.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша 10 сотталушы бар. Оның ішінде 9 адам қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабы 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс сотта қаралып жатқан уақытта қамауда болады. Бұл қатарда бар:

Сергей Мустивко (шахта директоры);

Вадим Ерёмин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары);

Николай Грознов (шахтаның бас инженері);

Виктор Коптенков (апат болған №6 учаскенің бастығы);

Владимир Гонноченко (бас инженердің орынбасары);

Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары);

Виталий Пестряк (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі);

Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы);

Төлеген Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы).

Оныншы сотталушы Дмитрий Коцар (шахтаның бас механигі) қолхат негізінде қамауға алынбаған.

Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылған.

«Костенко» шахтасындағы апат

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.

2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.

Осылайша компания Қазақстан үкіметіне Теміртау мен Ақтаудағы металлургиялық кәсіпорындарды 286 млн долларға сатты. Үкімет пен компания ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын QIC сатып алуы туралы келіссөздерді аяқтады. Әрі қарай компания акциялары оның жаңа иесі – Андрей Лаврентьевке берілді. «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды. 

Сондай-ақ оқыңыз